Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Жақсы ауданының халқымен кездесу өткізді. Жиында ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым және әлеуметтік жобалар бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырды, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінен.
Халық алдында сөйлеген сөзінде өңір басшысы Ақмола облысының еліміздің агроөнеркәсіптік кешенінің орталығы болып табылатынын атап өтті.
«Жақсы ауданында биылғы жазғы егіс 500 мыңнан астам гектар аумақта жүргізілді. Бұл облыстың жалпы егіс алқабының 10%-ын құрайды және барлық өңірлер арасында екінші көрсеткіш болып отыр»,-деді облыс әкімі.
Әкімнің айтуынша, ендігі мақсат – тек өнім жинап қою емес, қайта өңдеу саласын дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашу.
Көлік инфрақұрылымында да ілгерілеу бар. «Жақсы – Державинск» және «Атбасар – Қима – Жақсы – Державинск» бағыттарындағы 56 шақырым жол жөнделіп жатыр.
«Жақсы ауылындағы теміржол вокзалы жаңарып, вокзал алдындағы алаң абаттандырылуда. Бұл – жолаушылар үшін жайлы жағдай туғызумен қатар, ауданның келбетін де айтарлықтай өзгертетін жоба»,-деп қосты Ахметжанов.
Әлеуметтік салада да бірқатар жаңалықтар бар. Калининское, Чапаевское, Ишимское, Перекатное және Тарасовка ауылдарындағы мектептер күрделі жөндеуден өтуде. Жаңа модульді қазандық орнатылды.
«Облысымызда «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен «Қамқорлық» оңалту орталығы ашылып, ерекше күтімді қажет ететін балаларға көмек көрсетілуде. Ал Кировское ауылында жаңа медицина пункті жақын күндері пайдалануға беріледі»,-деп мәлімдеді.
Кездесуде тұрғындар жолдардың сапасы, мектептердің жағдайы және басқа да күнделікті мәселелерді көтерді. Әкім халықты жеке қабылдап, ұсыныстарын тыңдады.
Жақсы ауданы бүгін аграрлық әлеуетімен ғана емес, жолдары жөнделіп, әлеуметтік нысандары жаңарып жатқанымен де ерекшеленіп келеді.