Сандықтау ауданына қарасты Каменка ауылындағы жалпы білім беретін №1 мектеп 2023–2024 жылдары толықтай күрделі жөндеуден өтті. Осылайша мектеп бүгінде өңірдегі ең жаңарған білім ордаларының біріне айналды. Жаңғырту жұмыстары мектептің ішкі және сыртқы инфрақұрылымын түбегейлі өзгертті, деп хабарлайды Өңірлік Коммуникациялар қызметінен.
Жөндеу барысында ғимараттың терезелері толық ауыстырылды, мектеп аумағына жаңа блокпост орнатылды, жылыту жүйесі түгел жаңартылды және ішкі әрлеу жұмыстары жасалды. Мектеп директорының айтуынша, жөндеу толық көлемде аяқталып, оқу процесі үшін барлық жағдай жасалған.
«Бүгінгі таңда білім ордасында 130 оқушы білім алады, 26 педагог еңбек етеді. Қауіпсіздік жүйесі толық енгізіліп, барлық санитарлық тораптар жөнделген. Сондай-ақ мектебі инклюзивті орта талаптарына сай: пандус, механикалық көтергіш және тактильді жолақтар орнатылған»,-деді мектеп басшысы Юлия Радецкая.
Мектепте ыстық тамақ ұйымдастырылған. 1–4 сынып оқушылары мемлекет есебінен тегін тамақтанады. Бұдан бөлек, 60 оқушыны «Каменка ЭДС» ЖШС қаржыландырып, демеушілік көрсетіп келеді. Компанияның демеушісі — Алексей Джерамов.
Мектеп 1975 жылы салынған. Сол уақыттан бері бірнеше мәрте жөндеу жасалғанымен, дәл 2023–2024 жылдардағыдай ауқымды жаңғырту алғаш рет жүргізілді. Педагогтар құрамының жартысы – «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша келген жас мамандар.
«Біздің мұғалімдердің 80%-ы — ауылға қайта оралған жергілікті тұрғындар. Өзіміздің түлектеріміздің ауылға қызмет етуі – мақтаныш», – дейді мектеп басшысы.
Мектепте 11 класс-комплект жұмыс істейді. Сонымен қатар, 30 тәрбиеленушісі бар шағын орталық бар, онда төрт тәрбиеші қызмет етеді.
2025 жылдың қыркүйегінде мектеп облыстық «Мектеп аумағын ең жақсы абаттандыру» байқауында 1-орын иеленді. Жеңіс ретінде мектепке 5 миллион теңгенің сертификаты табысталды. Бұл қаражатқа мектеп аумағын абаттандыруды жалғастыру, жаңа спорттық жабдықтар, орындықтар және мұғалімдерге арналған компьютерлік техника сатып алу жоспарланып отыр.
Жаңару оқушылардың табысына да оң әсер еткен. 8-сынып оқушысы Александр оқу орнын мақтанышпен таныстырады:
«Біздің мектепте оқуға өте жақсы жағдайлар жасалған, сондықтан біз жиі жүлделі орындар аламыз», – дейді ол.
Александр робототехника бойынша республикалық байқауға қатысып, аэросани моделін жасаған.
«Аэросани – қарда, мұзда және батпақты жерде жүретін ерекше көлік. Мен оны микроконтроллер, қабылдағыш, батареялар көмегімен жинадым. Модель мұзда сәтті қозғалды және пульттен басқарылды», – дейді жас өнертапқыш.
Александр мектептің жөндеуге дейінгі және кейінгі жағдайын да атап өтті:
«Жөндеуге дейін мектеп өте суық болатын. Ал қазір өте жылы – жейдемен жүре береміз, денсаулығымызға еш қауіп жоқ», – дейді ол.
Каменка ауылындағы №1 мектеп — ауыл мектептерінің жаңғырту арқылы қалай жаңа деңгейге көтерілуге болатынын көрсететін жарқын үлгі. Жаңартылған инфрақұрылым, кәсіби мұғалімдер құрамы, оқушылардың жетістігі және қолдау көрсететін демеушілер – барлығы біріге отырып, мектептің жоғары нәтижелерге жетуіне жағдай жасап отыр.


