Елімізде салық жүйесін жетілдіру бағытында маңызды өзгерістер енгізіліп, кәсіпкерлерге барынша қолайлы жағдай жасалуда. Жаңа ереже салық төлеу процесін жеңілдетіп, бизнеске түсетін жүктемені азайтуға бағытталған. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Бауыржан Шәйкенов брифинг барсысында мәлімдеді, деп хабарлайды Өңірлік Коммуникациялар қызметі.
Оның айтуынша, жаңа салық жүйесі елдегі бизнес-орта мен экономикалық белсенділікті арттыруға мүмкіндік береді.
«Біздің мақсат – салық төлеуді барынша ыңғайлы әрі түсінікті ету. Бұл өзгерістер кәсіпкерлердің жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, көлеңкелі экономиканы азайтуға да ықпал етеді», – деді ол.
Жаңа жүйе үш негізгі бағытта жүзеге асырылады: өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға арналған режим, шағын және орта бизнес үшін оңайлатылған декларация және шаруа мен фермер қожалықтарына арналған арнайы тәртіп.
Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға арналған режим жалдамалы жұмысшысы жоқ және жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген азаматтарға арналған. Мысалы, өз бетімен жұмыс істейтін шаштараздар, тігіншілер немесе тұрмыстық қызмет көрсетушілер осы санатқа кіреді. Мұндай азаматтардың ай сайынғы табысы 300 айлық есептік көрсеткіштен (шамамен 1,3 млн теңге) аспауы тиіс. Олар табысының небәрі 4 пайызын әлеуметтік төлем ретінде төлейді. Ең бастысы – ешқандай салық есебін тапсырудың қажеті жоқ, барлық төлем арнайы мобильді қосымша арқылы жүзеге асырылады.
Шағын және орта бизнеске арналған оңайлатылған декларация режимі кәсіпкерлерге есеп пен салық жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді. Бір жылдық табыс шегі 600 000 АЕК-ке дейін (шамамен 2,5 млрд теңге) болуы мүмкін. Салық мөлшері табыстың 4 пайызы көлемінде белгіленген. Қосылған құн салығы төленбейді, есептілік жарты жылда бір рет тапсырылады. Егер кәсіпкердің табысы 100 миллион теңгеден асса, еңбекақы төлеу қорын шегеріп тастау мүмкіндігі бар. Ал табысы 550 миллион теңгеден аспайтын кәсіпкерлер бухгалтерлік есеп жүргізуден босатылады.
Фермер және шаруа қожалықтарына қатысты режим үшін бұрынғы жеңілдіктер сақталған. Ауыл шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтар бірыңғай жер салығынан босатылады және тек табысының 0,5 пайызын жеке табыс салығы ретінде төлейді. Сонымен қатар, олар қосылған құн салығынан, әлеуметтік салықтан, ауыл шаруашылығына арналған мүлік пен көлік салығынан босатылады. Есептілік жылына бір рет тапсырылады.
Бауыржан Шәйкенов атап өткендей, жаңа салық жүйесі бизнеске қолдау көрсетудің маңызды тетігіне айналмақ.
«Бұл өзгерістер – экономиканың өсуіне, кәсіпкерліктің дамуына және халықтың өзін-өзі жұмыспен қамту деңгейін арттыруға ықпал ететін нақты шаралар. Ең бастысы – салық төлеу процесі бұрынғыдай күрделі емес, барынша жеңіл әрі ашық болады», – деді ол.
Жаңа жүйе әсіресе ауылдық жерлердегі шағын бизнес пен фермерлерге үлкен серпін бермек. Енді кәсіпкерлер өз табысын ашық түрде көрсете отырып, заңды жұмыс істеуге ынталы болады. Бұл өз кезегінде ел экономикасының тұрақты дамуына және мемлекеттік кірістердің ұлғаюына оң әсерін тигізеді.