Биылғы жыл Зеренді ауданы үшін білім беру саласын жаңғырту мен нығайту жылы болды. Аудандағы мектептер мен балабақшаларға ауқымды инвестициялар бағытталып, әсіресе ауылдық білім беру ұйымдарын қолдауға ерекше көңіл бөлінді, деп хабарлайды Өңірлік Коммункациялар қызметінен.
Аудан аумағындағы көптеген мектептердің ғимараттары өткен ғасырдың 60–80 жылдары салынған. Уақыт өте келе бұл нысандар күрделі жөндеуді қажет ете бастады. Осыны ескере отырып, 2025 жылы «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында бірнеше мектепке бірден күрделі жөндеу жүргізу қолға алынды.
Жөндеу жұмыстары Васильковка, Қонысбай, Приречное, Өркен ауылдарындағы мектептерде және Зеренді ауылындағы №1 мектепте жүргізілді. Бұл білім ордаларының басым бөлігі 1960–1980 жылдары салынған. Жаңғырту барысында ғимараттардың шатыры, инженерлік желілері, жылыту, су және электр жүйелері толық жаңартылып, ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары атқарылды. Мектеп аумақтары абаттандырылып, қауіпсіздік пен оқушылардың жайлылығына басымдық берілді.
«Білім беру – аудан дамуының басты басымдығы. Ескі мектептерді жаңарту арқылы біз тек ғимараттарды жөндеп жатқан жоқпыз, біз балаларымыздың қауіпсіз әрі сапалы білім алуына жағдай жасап отырмыз. Бұл – болашаққа салынған инвестиция», – деді ауданның баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, аудан мектептерінде ағымдағы жөндеу жұмыстары да жүйелі түрде жүргізілді. Бірқатар білім беру мекемелерінде асханалар, санитарлық тораптар, дәліздер мен оқу кабинеттері жаңартылып, жылу жүйелері ретке келтірілді. Бұл күнделікті оқу процесінің сапасын арттыруға мүмкіндік берді.
Ауыл мектептерін қолдау назардан тыс қалған жоқ. Шағын ауылдардағы білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасы кезең-кезеңімен жақсартылып, оқушылар үшін тең жағдай жасауға бағытталған жұмыстар жалғасын тапты. Бұл ауыл балаларының қаладағы құрдастарымен бірдей сапалы білім алуына жол ашады.
2025 жылы Зеренді ауылында балалардың шығармашылық дамуына арналған маңызды нысан – «Өнер мектебі» ғимараты пайдалануға берілді. Мұнда балалар музыка мектебі мен балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығы орналастырылды. Қазіргі таңда бұл орталықтарда жүздеген бала қосымша білім алып, өнер мен шығармашылыққа баулынуда.
Жалпы алғанда, 2025 жылғы атқарылған жұмыстар Зеренді ауданында білім беру саласын жаңғыртуға, ескі мектептер мәселесін шешуге және ауылдық жерлердегі балалар үшін қолайлы орта қалыптастыруға нақты серпін берді. Аудан билігі бұл бағыттағы жұмысты алдағы жылдары да жалғастыруды жоспарлап отыр.


