Красный Яр кентінің тұрғындары сегіз жыл бойы күткен қуанышты сәтке қол жеткізді: ауқымды күрделі жөндеуден кейін ауылдық аурухананың стационар бөлімі қайта ашылды. Бұл игі іс жергілікті белсенділердің табандылығы, әкімдік қолдауы және кәсіпкерлердің көмегінің арқасында жүзеге асты. Бүгінде стационарда 20-ға жуық науқас ем қабылдап жатыр, ал бөлімше жалпы 50 төсек-орынға есептелген, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінен.
Стационар ішінен жарық, жаңартылған палаталар, жаңа медициналық жабдықтар мен жаңадан алынған инвентарь өз орнын тапқан. Әлеуметтік жауапкершілік аясында жергілікті кәсіпкерлер науқастарға қолайлы жағдай жасау үшін 40 ақ түсті тумбочка тарту етті.
«Мен бұл жерге тоғызыншы күні түстім. Тізеден төмен аяқтарым істемей қалды, жүре алмай, аяғымды баса алмадым. Балам мені көтеріп әкелді. Қазір аздап жүре бастадым. Бүгін физиотерапия алдым, система, дәрі-дәрмек тағайындалды. Бәрі жақсы», – деп өз әсерімен бөлісті зейнеткер Аманжол Шалтаков.
13 мыңға жуық тұрғыны бар Қызылжар үшін, оның ішінде 1600-і – зейнеткер, жаңартылған стационардың ашылуы – маңызды әрі көптен күткен оқиға болды.
«Әкімімізге алғыс айтамын. Бұған дейін де әкімдер болды, бірақ барсаң, «бұл біздің құзырымызға кірмейді» дейтін. Ал қазіргідей әкім екі-үш жыл істесе де, көмектесіп жатыр. Өзім екі рет әкімдікке бардым, ол қолдау білдіріп, жеке кәсіпкерлерді тауып берді – солар осы 40 тумбочканы әкеліп берді», – деді белсенді Сауле Нұрғалиева.
Жаңартылған стационар тек медициналық нысан ғана емес, ауыл тұрғындарының табандылығы мен бірлігінің символына айналды. Бұл оқиға өңірдегі әлеуметтік инфрақұрылымды жақсартуға бағытталған ауқымды бағдарламаның бір бөлігі болып, Қызылжар жұртшылығына болашаққа деген сенім сыйлады.