Өңірдегі көлдерде аэрация жұмыстары қызу жүріп жатыр. Бұл шаралар балықтардың көктемге дейінгі ең қиын кезеңді аман өткеруіне көмектеседі. Мамандар мұзды ойып, суды оттегімен қанықтыру арқылы экологиялық тепе-теңдікті сақтап, жергілікті су айдындарында балықтың жаппай қырылуына жол бермеуді мақсат етеді, деп хабарлайды Өңірлік Коммуникациялар қызметінен.
Осындай жұмыстар жүргізіліп жатқан нысандардың бірі – Зеренді ауданындағы Құмдыкөл көлі. Қазіргі уақытта мұнда Көкшетау аңшылар мен балықшылар қоғамының қызметкерлері белсенді жұмыс атқаруда. Олар мотопомпалардың көмегімен бір ойықтағы суды екіншісіне айдап, ашық ауада судың «тыныстауына» мүмкіндік береді. Осылайша су зиянды газдардан арылып, қайтадан көлге жаңарып құйылады. Бұл әсіресе қазір өте маңызды, өйткені қалың мұз бен қар қабаты көлдегі тіршілік иелерін табиғи ауа алмасудан шектеп отыр.
Жағдай мамандардың тұрақты бақылауында. Облыстық балық инспекциясы бөлімінің басшысы Нұрлан Төлегеновтің айтуынша, бұл жұмыстар облыс бойынша жүргізілуде.
«Облыста шамамен 500 су айдыны бар. Балық шаруашылықтарына бекітілген көлдерде кәсіпкерлер бұл жұмыстарды өз күштерімен атқарса, резервтегі су айдындарында жергілікті атқарушы органдар жұмыс жүргізеді. Мұндай шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылады және қыс аяқталғанша жалғасады», – деді Нұрлан Төлегенов.
Қазіргі басты міндет – балықтардың оттегінің жетіспеуінен қырылып қалуына жол бермеу. Тәжірибелі егерьлер жақсы біледі: егер дер кезінде шара қолданылмаса, оттегінің тапшылығы су жануарларының ауруға шалдығуына және жаппай қырылуына әкелуі мүмкін.
Процестің техникалық қырлары туралы Дмитрий Ястремский айтып берді.
«Көктем жақындаған сайын суда зиянды элементтер жиналып, жағымсыз иіс пайда болуы мүмкін. Біз суды арнайы фонтан тәсілімен күштеп айдаймыз – осылайша ол барынша оттегімен қанығады. Бұл балықты тұншығудан сақтап қана қоймай, алдағы уақытта судың «гүлдеуінің» алдын алуға да көмектеседі», – деді маман.
Өңір көлдеріндегі мұндай «тыныс беру» жұмыстары қар толық ерігенге дейін жалғасады. Бұл балық шаруашылығы үшін келесі маусымның табысты болуына негіз болса, табиғат үшін Ақмола облысының нәзік көл экожүйесінің сақталуына кепіл болады.


