Асан Бараев атындағы Ауыл шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының агрохимия және тыңайтқыштар бөлімінің меңгерушісі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Бақыт Ирмұлатов ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты күшейтудің маңызын атап өтті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Ғалымның айтуынша, зертханалық деңгейде жасалған ғылыми жаңалықтарды шаруашылықтың нақты жағдайына бейімдеп енгізу – өнімділікті көбейтудің, агрожүйелердің тұрақтылығын сақтаудың және ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының табысын арттырудың ең тиімді жолдарының бірі.
Өңірде осы мақсатқа бағытталған «Инновациялық тәжірибені тарату және енгізу қызметтері» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Бағдарламаны орындау міндеті топырақты қорғау, ылғалды үнемдеу технологияларын әзірлеген, 20 дақылдан 180-нен астам сорт шығарған тәжірибесі мол институтқа жүктелді. Негізгі міндет – климат өзгеріп жатқан кезеңде ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыру.
«Бағдарлама аясында өңірдің топырақ-климаттық аймақтары зерттеліп, пилоттық шаруашылықтар таңдалды. Солардың ішінде құрғақ климаты мен қатал жағдайымен ерекшеленетін Жарқайың ауданы ғылыми тәжірибелерді сынақтан өткізу үшін өте қолайлы болды. Бұл өңір – еліміздегі ірі астық өндірушілердің бірі, сондықтан мұндағы өнімділік жалпы азық-түлік қауіпсіздігі үшін маңызды. Пилоттық шаруашылықтар ретінде «Жер-1» және «Дихан-4» кәсіпорындары белгіленді»,-деді ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Бақыт Ирмұлатов.
Әртараптандыру жұмыстары аясында шаруашылықтар майлы зығыр егуге кірісті. Климаттың құрғақ болуына байланысты бұл дақыл тәуекелі жоғары саналғандықтан, 200 гектардағы егіс толық ғылыми сүйемелдеуге алынды. Мамандар дақылдарға арналған технологиялық карталарды, қорғаныс және қоректендіру жүйелерін әзірледі.
«Институттың патенттелген технологиялары да қолданылды. Атап айтқанда, тұқымды өңдеу кезінде протравитель мөлшері 30 пайызға азайтылып, оның орнына «Витанолл инкрустатор» полимері енгізілді. Бұл әдіс химиялық жүктемені азайтып, топырақ микробиотасына зиянды әсерді төмендетті»,-деді доктор.
Агрохимиктер топырақ құрамын зерттеп, тыңайтқыштардың тиімді дозасын анықтады. Осы зерттеулер негізінде егіс жұмыстарында тиісті қоректік заттар енгізілді. Жалпы алқап көлемі бойынша «Жер-1» шаруашылығында 600 гектар элиталық тұқым, ал «Дихан-4» шаруашылығында 400 гектар жоғары репродукция тұқымы және 200 гектар майлы зығыр егілді.
2025 жылға жоспарланған инновациялық тәжірибелер толық көлемде жүзеге асырылды. Жаңа технологиялар жоғары нәтиже көрсетіп, шаруашылықтар оның тиімділігіне көз жеткізді. Ғалымдар да өндірістік жағдайда технологиялардың нақты нәтижесін дәлелдеді.
Институт өкілдері облыс әкімдігі мен ауыл шаруашылығы басқармасына бағдарламаны қолдап, іске асыруға мүмкіндік жасағаны үшін алғыс білдірді. Сарапшылардың пікірінше, ғылым мен өндіріс арасындағы осындай серіктестік жалғаса беруі тиіс. Өндірістің ғылыми шешімдерге қызығушылығы артқан сайын, ауыл шаруашылығы саласының экономикалық әлеуеті де күшейе түседі.


