Сандықтау ауданындағы «Свободное» ЖШС Ақмола облысының шаруашылықтары арасында мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарын іске асыра отырып, тұрақты позициясын сақтап келеді. Бүгінгі таңда шаруашылықта 2 мың бас ірі қара мал бар. Жаңа репродукторлық ферма құрылысы жүргізілуде, оны 2026 жылы пайдалануға беру жоспарланған. 2028 жылға қарай мал басын 3 мың басқа дейін ұлғайту көзделіп отыр, деп хабарлайды Өңірлік Коммуникациялар қызметінен.
Кәсіпорын дәнді және майлы дақылдар өндірісін ірі қара мал шаруашылығымен ұштастырып, заманауи агротехнологияларды енгізуде және техникалық паркін жаңартуда. Бұл жұмыс тиімділігін және бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.
«Біз үшін өндірісті дамыту ғана емес, сонымен қатар ауданның әлеуметтік инфрақұрылымын қолдау да маңызды. Шаруашылығымыз табысты әрі тұрақты агробизнес үлгісі болуы үшін инновациялық тәсілді жауапты басқарумен ұштастыруға ұмтыламыз», – деп атап өтті «Свободное» ЖШС басшысы Александр Закусилов.
Сонымен қатар, компания бизнесінің әлеуметтік жауапкершілігі аясында ауыл инфрақұрылымын жақсартып, жергілікті тұрғындарды нан-тоқаш өнімдерімен қамтамасыз етуде.


