Степногорск қаласында 2025–2026 жылғы жылыту маусымына дайындық жұмыстары аяқталды. Биыл қаладағы жылу электр орталығы мен жылу желілерінде жоспарлы жөндеу жүргізіліп, негізгі қазандықтар мен турбогенераторлар толық жаңартылды, деп хабарлайды Өңірлік Коммуникациялар қызметінен.
ТЭЦ өкілдерінің айтуынша, №5 қазан агрегаты күрделі жөндеуден өтіп, тұрақты жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ №3, №4 және №7 агрегаттарда ағымдағы жөндеу жүргізілген. Ал №2 қазан агрегаты желтоқсан айының соңына дейін жаңартылмақ.
Ауа райының ерте салқындауына байланысты жылыту маусымы әкім қаулысына сәйкес 25 қыркүйекте басталды. Алғашқылардың бірі болып әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер жылуға қосылған. Қала бойынша 545 тұрғын үй орталық жылу жүйесіне қосылған. Оның 288-і көпқабатты үйлер, 13-і Заводской кентінде орналасқан. Қалған бөлігі жер үйлер мен әлеуметтік мекемелер.
Биыл ТЭЦ–қала бағытындағы магистральдық желінің 14 шақырымы ауыстырылып, бұл жоспардан жоғары көрсеткіш болды. Дегенмен, қалалық жылу желілерінің тозу деңгейі шамамен 68 пайызды құрайды.
«Кейбір желілер ескірген, бірақ кез келген апатты жағдайға дайынбыз. Ең бастысы тұрғындар қыста тоңбайды, – дейді тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысының міндетін атқарушы Самат Тасщанов.
Жылу жүйелерін жөндеуге биыл жергілікті бюджеттен 210 миллион теңге бөлінді. Бұл қаржының арқасында бірқатар желілер жаңартылып, жылу беру сапасы жақсарды.
Жауапты мамандардың айтуынша, барлық нысандарда жылу беру тұрақты жүргізілуде, ал тұрғындар биылғы қысты жылы әрі жайлы өткізеді деп сендірді.


