Қосшы қаласының 2038 жылға дейінгі бас жоспары бекітілді. Бұл маңызды құжат қаланың кешенді дамуын қамтамасыз етіп, оның әлеуметтік, экономикалық және инженерлік инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған.
Бас жоспар елді мекеннің тұрғын үй құрылысын кеңейту, көлік жүйесін дамыту, әлеуметтік инфрақұрылымды жетілдіру, экологиялық тұрақтылықты сақтау сияқты стратегиялық мақсаттарын айқындайды.
Бас жоспардың негізгі бағыттары да айқындалған. Қосшы қаласының дамуы бірнеше негізгі бағыт бойынша жүзеге асырылады. Атап айтқанда, тұрғын үй құрылысы мен әлеуметтік нысандарды дамыту, көлік және инженерлік инфрақұрылымды жетілдіру, өнеркәсіптік және кәсіпкерлік аймақтарды дамыту, экологиялық тұрақтылықты сақтау және көгалдандыру, қала аумағы және халық өсімі.
Қосшы қаласының жалпы аумағы 60,2 шаршы шақырымды құрайды. Бас жоспарда қала аумағының тиімді пайдаланылуы қарастырылып, қоғамдық және тұрғын аймақтардың функционалдық құрылымы белгіленді. Халық санының өсуі болжам бойынша 2023 жылы – 51,7 мың адам, 2030 жылы – 107 мың адам, 2038 жылы – 150 мың адамды құрауы тиіс.
Қала тұрғындарының көбеюіне байланысты жұмыссыздық деңгейін 3%-ға дейін төмендету, орташа жалақыны арттыру, экономикалық белсенділікті ынталандыру мақсаты да қойылған.
Тұрғын үй құрылысы және әлеуметтік инфрақұрылымға да ерекше назар аударылған. Қалада аз қабатты, орташа және көп қабатты тұрғын үйлер салу арқылы халықтың баспанаға қолжетімділігі қамтамасыз етіледі. 900 га аумақта жеке тұрғын үй құрылысы салынса, 360 га көпқабатты тұрғын үйлер салу көзделген. Қазіргі тұрғын үй қоры – 1,28 млн м².
2038 жылға қарай – 4,5 млн м² жаңа тұрғын үй салу жоспарланған. Қала тұрғындарының жайлы өмір сүруін қамтамасыз ету үшін бас жоспар аясында мынадай әлеуметтік нысандар, яғни 31 балабақша (13,5 мың орын), 16 мектеп (23,8 мың орын), облыстық аурухана (900 төсек-орын) және 7 емхана, көпфункционалды мәдени орталықтар, кітапханалар, театрлар салу көзделген. Сондай-ақ, қоғамдық демалыс орындары назардан тыс қалған жоқ. Саябақтар, гүлзарлар мен жағалау аймақтары да бас жоспарға еңгізілген.
Қосшы қаласының көлік жүйесін жетілдіру мақсатында жаңа магистральдар мен жол өткелдері салу, қоғамдық көлікті дамыту жоспары қарастырылған. Жолдар ұзындығы қазіргі 101,94 км-ден 417,47 км-ге дейін артады. Жаңа көлік дәліздері мен айналма жолдар салынады. Қоғамдық көлік маршруттарының ұзындығы 81,04 км-ге жетеді. Сонымен қатар, жаңа автобус паркі мен қоғамдық көлік тұрақтары қарастырылған.
Инженерлік инфрақұрылыға келер болсақ, су құбыры желілерін 186 км-ден 249 км-ге дейін кеңейту көзделген. Кәріз желісі 122 км-ден 164,5 км-ге дейін ұлғайтылады. Электр қуатын тұтыну 155 МВт-тан 258 МВт-қа дейін артады. «Сарыарқа» магистральдық газ құбыры арқылы Қосшы қаласы толық газбен жабдықталады. Нөсерлік кәріз жүйесі, жаңбыр суын ағызу жүйесі де орнатылады.
Өнеркәсіптік және кәсіпкерлікті дамытуда жіті назарда. Қалада шағын және орта бизнесті дамытуға қолайлы жағдай жасау үшін өнеркәсіптік және логистикалық аймақтар кеңейтіледі. Осыған орай, жоспарланған жобаларды атап айтқанда, 264 га индустриялық аймақ құру, көлік-логистикалық кешендер мен қоймалар салу, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу зауыттары, сауда және қызмет көрсету орталықтарын дамыту.
Кәсіпкерліктің дамуына ықпал ететін факторларға тоқталсақ. Қосшы Астанаға жақын орналасқандықтан, ең бастысы инвесторлар үшін тартымды аймақ болады. Жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы жұмыссыздықты азайту және экономиканы әртараптандыру және инновациялық өндірістерді қолдау.
Қосшы қаласының экологиялық тұрақтылығы және көгалдандыру басты міндеттердің бірі. Бас жоспарда экологиялық тұрақтылықты сақтау ерекше назарға алынған. Экологиялық шаралар да қамытлды. Мысалы, 132,5 га жасыл аймаққа айнлдыру, Сарқырама өзенінің жағалауын абаттандыру, қоқысты қайта өңдеу орталықтарын ашу, кәріздік тазарту жүйесін жетілдіру, қала аумағында атмосфералық ауаның сапасын бақылау бекеттерін орнату, көгалдандыру аясында жаңа саябақтар мен скверлер, жасыл қорғаныс белдеулерін салу.
Қала дамуының стратегиялық маңызы өте зор. Қосшы қаласы Астана маңындағы «контрмагнит» ретінде дамытылып, елорданың іскерлік, тұрғын және өндірістік серіктесі ретінде қарастырылады. Онда бірнеше стратегиялық басымдықтар айқындалған. Нақтырақ айтқанда, Астана қаласының тұрғындары үшін балама өмір сүру аймағы болдыру, өңірдегі маңызды экономикалық және логистикалық орталық, әлеуметтік нысандар мен қызмет көрсету саласын кеңейту, экологиялық тұрақтылықты сақтау және «жасыл қала» концепциясын енгізу.