«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» мемлекеттік бағдарламасы аясында Астрахан ауданының Старый Колутон ауылында заманауи дәрігерлік амбулаторияның құрылысы басталды. Бұл жоба ауыл тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсету қолжетімділігін арттыруға және өңірдегі денсаулық сақтау жүйесін нығайтуға бағытталған.
Құрылыс жұмыстары 2024 жылдың 3 қазанында басталды. Құрылыс жұмыстарын орындаушы мердігер — Тараз қаласынан «Корпорация QR» ЖШС, директоры — Азамат Нұрмұқанов.
Астрахан ауданы ішкі саясат бөлімінің ақпаратына сәйкес құрылыс жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес жүріп жатыр. 2024 жылдың желтоқсанында мердігер шатырды жабуды, терезе мен есіктерді орнатуды аяқтауды жоспарлап отыр. Одан кейін ғимараттарды жылыту және ішкі инженерлік жүйелерді орнату жұмыстары басталады.
Құрылыс техникасын Астана қаласындағы «Сервис Строй» ЖШС қадағалайды, ал, авторлық қадағалауды Көкшетау қаласындағы «ДизайнПроектМонтаж» ЖШС жүргізеді. Құрылыс-монтаж жұмыстарының жалпы құны 339 миллион теңгені құрайды, оның ішінде 2024 жылы 34,8 миллион теңге қарастырылған.
«Амбулаторияның жұмысын қамтамасыз ету үшін инженерлік коммуникацияларды жобалау және салу жұмыстары қатар жүргізілуде. Жобалау жұмыстары 2024 жылдың 11 шілдесінде басталып, сараптама ұйымының ауысуына байланысты сараптама процесі біршама кешікті. Дегенмен, коммуникациялар жүйесін құру жұмыстары жалғасуда», — делінген ақпаратта.
Старый Колутон ауылында дәрігерлік амбулатория құрылысы ауыл тұрғындарына медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру бағытында маңызды қадам болып табылады. Амбулатория заманауи медициналық мекемеге айналып, ауыл тұрғындарына жоғары білікті медициналық көмек көрсетуді және қажетті қызметтерді ұсынуды қамтамасыз етпек.
ЕСКЕРТУ: Ұсынылып отырған мақала Ақмола облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінің меншігі болып саналады. Материалды көшіруге ақпарат көзіне – rsk_aqmola (авторлық құқық иесі) гиперсілтеме жасай отырып рұқсат етіледі.