Атбасар ауданына қарасты Сергеевка ауылында жаңа заманауи дәрігерлік амбулатория жұмысын бастады. Енді ауыл тұрғындары ғана емес, бүкіл Сергеев ауылдық округінің халқы медициналық көмекті өз ауылында алып, аудан орталығына бармай-ақ ем қабылдай алады.
Бұған дейін тұрғындарға дәрігерге қаралу үшін Атбасар қаласына баруға тура келетін. Енді жағдай өзгерді. Жаңа амбулатория Сергеевка ауылының тұрғындарын ғана емес, сонымен қатар көршілес Самаркандское және Ащыкөл елді мекендерінің тұрғындарын қамтиды. Жалпы алғанда, мыңнан астам тұрғын алғашқы медициналық көмекке қол жеткізді.
Медициналық мекемеде бес қызметкер бар: акушер-мейірбике, фельдшер, балалар медбикесі, әлеуметтік қызметкер және санитар. Амбулатория заманауи жабдықтармен қамтылған. Мұнда акушерлік, фельдшерлік (ересектер үшін), педиатриялық кабинеттер, тіркеу бөлімі, процедуралық, егу және физиокабинет бар.
«Бізде сапалы көмек көрсету үшін барлық жағдай жасалған. Айына бір рет учаскелік дәрігер келеді: жүкті әйелдерді, балаларды қабылдап, қажетті ем тағайындайды. Біз екпе жүргіземіз, келгендердің барлығын қабылдаймыз, ешкімді қайтармаймыз», – деді Сергеев дәрігерлік амбулаториясының медбикесі Салтанат Уразалина.
Амбулаторияда күндізгі стационар да қарастырылған. Бұл әсіресе егде жастағы тұрғындар мен созылмалы сырқаты бар адамдар үшін өте маңызды.
Жаңа медициналық нысан ауыл тұрғындарына қолжетімді әрі сапалы медициналық қызмет көрсетуге мүмкіндік бермек.