Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай «Ұрпақтар диалогы» атты ғылыми-практикалық конференция өтті. Тағылымды жиынға зиялы қауым өкілдері, ЖОО оқытушылары, студенттер, Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғалым-оқытушылары қонақ ретінде қатысты, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінен.
Ұйымдастырушылардың айтуынша «Ұрпақтар диалогы» конференциясы ұлтаралық келісімді нығайтып ұрпақтар сабақтастығын дамыту мәселелерін талқылауға арналған маңызды шара болмақ. Конференцияның негізгі мақсаты – еліміздегі ұлтаралық бірлік пен келісімді сақтап, Қазақстан халқының мәдениетін дамыту мәселелерін кеңінен қозғау. Сонымен қатар, аға ұрпақтың тәжірибесін жас ұрпаққа жеткізу, рухани бірлік пен түсіністік идеясын қалыптастыру көзделді. Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев мұндай шаралар рухани бірлігімізді нығайтып, қоғамды одан әрі дамытатынына сенім білдірді.
«Бүгінгі ұрпақтар сабақтастығына арналған «Ұрпақтар диалогы» атты республикалық ғылыми-практикалық конференцияның Ақмола облысында ұйымдастырылып отырғаны жақсылықтың нышаны деп ойлаймын. Мұндай шаралардың өткізілуі рухымыздың асқақтауына зор септігін тигізері сөзсіз», — деді Ақмола облысы әкімінің орынбасары.
Сондай ақ конференция жұмысына қатысып отырған Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғалым-оқытушыларына өңір басшысы Марат Ахметжановтың атынан алғысын білдірді.
Аға ұрпақ өз бойында жинақталған тәжірибені, білім мен дәстүрлерді ұстанады. Олар қоғамның тұрақтылығын сақтау және біртұтас қарым-қатынасын дамыту үшін қажет. Өз кезегінде жастар қоғамда болып жатқан оқиғаларға жаңа көзқараспен қарайды, өзгерістерге бейімделе алады және жаңа идеялар мен тәсілдер жасауға ұмтылады. Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанындағы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Ермек Нұғыманов әр буынның өз міндеті мен өз орны бар екенін айтты.
«Оның айтуынша ұрпақтар сабақтастығы дегеніміз ол тарихтың кешегі мен бүгіні. Жастар мен үлкендер бір бірінен үйренері көп. Бір бірімізбен байланыста болу. Бұл дегеніміз құрмет пен түсіністік деп білемін»,-деді ол.
Сонымен қатар, конференцияда жұмысшы мамандықтарының маңыздылығы да сөз болды. Осы орайда, «Алтынтау Кокшетау» акционерлік қоғамының өкілі Игорь Барыбин өз баяндамасында тау-кен саласында көп жылдан бері еңбек етіп келе жатқанын айтып, кәсіптік еңбек пен мамандықтың мәнін түсіндірді. Ол елдің дамуы мен жаңа жетістіктерге жету жолында еңбекқорлық пен кәсібиліктің рөлі зор екенін атап өтті.
Айта кететін маңызды жайт, биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойы атап өтілуде. Бұл ұйым ел бірлігін, тұрақтылық пен бейбітшілікті қамтамасыз ететін маңызды құрылым ретінде өзінің міндетін толық орындап келеді. Өңірде 500-ден аса түрлі іс-шаралар жоспарланып, Ассамблеяның құрметті мерейтойы кең көлемде атап өтілмек.