Ақмола облысында Президенттік жастар кадр резервіне төртінші іріктеудің таныстырылымы өтті. Бұл бастама Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен жүзеге асып келеді және мемлекеттік басқару жүйесіне дарынды, бастамашыл әрі жаңаша ойлайтын жастарды тартуға бағытталған. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Думан Әбілев мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінен.
Бұған дейін 2019, 2021 және 2023 жылдары үш іріктеу кезеңі өткізілген болатын. Аталған іріктеулерге 60 мыңнан астам азамат қатысуға ниет білдіріп, олардың ішінен 400 үміткер Президенттік резервке қабылданды. Қазіргі таңда олардың 318-і немесе 80 пайызы мемлекеттік органдар мен түрлі ұйымдарда еңбек етуде.
«2025 жылы кезекті төртінші іріктеу өткізу жоспарланып отыр. Бұл жолы үміткерлер 6 салалық бағыт бойынша бағаланады: әлеуметтік саясат және азаматтық қоғам, агроөнеркәсіптік кешен мен қоршаған ортаны қорғау, цифрландыру, инфрақұрылым мен өнеркәсіпті дамыту және сауда саясаты, экономикалық және қаржылық саясат, сыртқы саясат және инвестициялар», деді спикер.
Іріктеуге қатысу үшін үміткерлердің жасы 35-тен аспауы, жоғары білімі, кемінде 5 жыл еңбек өтілі және мемлекеттік тілді В1 деңгейінен төмен емес деңгейде меңгеруі қажет. Сонымен қатар, іріктеуге Президент тағайындаған тұлғалар, саяси қызметшілер, «А» корпусының мемлекеттік қызметшілері және қазіргі резерв мүшелері қатыса алмайды.
Іріктеу 6 кезеңнен тұрады және маусым мен қазан айлары аралығында өткізіледі. Нәтижесінде 50 үздік кандидат резервке қабылданып, олар үш жыл ішінде конкурстан тыс мемлекеттік лауазымдарға тағайындалуға мүмкіндік алады.
Құжат қабылдау 2025 жылғы 1–30 маусым аралығында pkrezerv.gov.kz порталында онлайн форматта жүргізіледі. Барлық қажетті мәліметтер мен талаптар осы сайтта орналастырылған. Қосымша сұрақтар бойынша +7 700 096 70 74 нөміріне немесе info@pkrezrv.gov.kz электрондық поштасына хабарласуға болады.
Жас буынды мемлекеттік қызметке тарту – кәсіби әрі жаңашыл кадрлар корпусын қалыптастырудың маңызды қадамы.