Ақмола облысы Қорғалжын ауданында 1-ден 11-сыныпқа дейінгі оқушылар тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілуде. Бұл игі бастаға «Родина» агрофирмасының басшысы Иван Сауэр қолдау көрсетіп, қаржыландырып отыр, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінен.
Бағдарлама аудан әкімі Алмас Алиннің бастамасымен жүзеге асырылды. Оқушыларды тұрақты және сапалы тамақпен қамту мақсатында білім бөлімі, мектептер және демеушілер арасында меморандумға қол қойылды.Құжатта санитарлық нормалар мен Ақмола облысы білім басқармасы бекіткен төрт апталық перспективалық мәзірге сәйкес, оқушыларға теңгерімді және қауіпсіз тамақтану жүйесін құру көзделген.
Осы жылдың 14 сәуірінен бастап 30 мамырға дейін Қорғалжын мектеп-гимназиясының 5-11 сыныптарындағы 240 оқушыға ыстық тамақ ұсынылып отыр. Бір реттік тамақтану құны – 952 теңге. Қаржыландыруды демеуші қамтамасыз етсе, тамақтану қызметін агрофирмамен келісімшарт жасаған сенімді жеткізуші жүзеге асырады.
Меморандум аясында мектеп асханалары мен ас үйлерін қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету, тағам дайындау кезінде санитарлық талаптарды сақтау, сапалы өнімдермен қамту, сақтау және өңдеу стандарттарын орындау міндеттеледі.
«Біз, Қорғалжын мектеп-гимназиясының ата-аналары, аудан әкіміне және «Родина» агрофирмасының директоры Иван Сауэр мырзаға балаларымызға тегін тамақ ұйымдастырғаны үшін, олардың денсаулығына көрсеткен қамқорлығы үшін алғысымызды білдіреміз», – деді ата-аналардың бірі.
Білім бөлімінің мәліметінше, бұл бастама балаларды толыққанды ыстық тамақпен қамтамасыз етіп қана қоймай, ата-аналардың қанағаттану деңгейін арттырып, оқушылардың оқу жағдайын жақсартуға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға ықпал етеді. Жергілікті билік бұл тәжірибені ауданның басқа мектептеріне де кеңейтуді жоспарлап отыр.