Қоянды ауылында электр желісіне қосу жұмыстары басталды. Бұл істі Целиноград ауданы әкімдігі мен «Арэк» АҚ бірге атқаруда, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
2025 жылдың 24 қыркүйегінде алғашқы қадам жасалды. №9 трансформатор іске қосылып, 84 отбасы алғаш рет тұрақты мемлекеттік жарыққа қосылды. Бұл – ауыл тұрғындары көптен күткен қуанышты сәті болды.
Бұған дейін ауыл 15 жыл бойы жеке трансформаторды пайдаланып келген. Енді мемлекет абоненттерді біртіндеп өз желісіне қосады. Әр үйде тұрақты жарық болады деп хабарлады әкімдік.
Тұрғындарға құжаттарды ретке келтіру қажет екені ескертілді. Бұл тек жарық үшін емес, болашақта газ тарту кезінде де керек болады.
«Тағы бір маңызды мәселе – тіркеу. Қояндыда ресми тіркелгендерден әлдеқайда көп адам тұрады. Ал нақты тіркеу – жол, жарық, газ, мектеп, балабақша сияқты инфрақұрылым әкелуге мүмкіндік береді»,- деп мәлімдеді Целиноград ауданы әкімдігі.
Жарық – әрбір үйдің жайлы өмірінің кепілі. Әр тұрғын өз үлесін қосып, құжаттарын ретке келтіріп, тіркеуді рәсімдеу арқылы ауылдың болашағын бірге қалыптастырады.