Марат Ахметжанов Абылай хан атындағы Қызылағаш орта мектебінің робототехника кабинетінің тәрбиеленушілерімен – Италияда өткен беделді халықаралық олимпиаданың жеңімпаздарымен кездесті, деп хабарлайды Өңірлік Коммуникациялар қызметінен.
Мектептегі робототехника кабинеті заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген: робот жиынтықтары, 3D-принтер және оқу модульдері бар. Үйірмелерде оқушылар бағдарламалау, конструкторлық және жобалық жұмыстарды меңгереді.
Жас инженерлер мен өнертапқыштар өздерінің жобалары мен жаңалықтарын қонақтарға таныстырды. Марат Ахметжанов мектепке инженерлік-техникалық бағытты дамытуға арналған сертификатты табыс етіп, білім ордасының оқу үдерісіне цифрлық технологияларды табысты енгізуді жалғастыруына тілектестік білдірді.
«Мемлекет басшысы өз Жолдауында цифрландыруды белсенді енгізу және балалардың ерте жастан заманауи технологияларды меңгеруіне жағдай жасау қажеттігін атап өткен болатын. Абылай хан атындағы мектептің үлгісі ауыл балаларының да білім деңгейі мен даму қарқыны жағынан қала оқушыларынан қалыспайтынын көрсетеді», – деді Марат Ахметжанов.
Қызылағаштық шамамен 40 жас өнертапқыш өздерінің инженерлік жобалары мен модельдерін жасап, тек облыстық емес, халықаралық жарыстарда да жақсы нәтижелер көрсетіп жүр.
«Алты жыл бойы ауыл оқушыларын инженерлік және IT бағытында оқытып келемін. Балалар бұл салаға ерекше қызығушылық танытады, республикалық байқауларға белсенді қатысып, жоғары оқу орындарына табысты түсіп жүр. Біз әр оқушы заманауи технологиялардың ауыл мектебінде де қолжетімді екенін сезінуі үшін еңбек етеміз», – деді информатика пәнінің мұғалімі Нұржан Әбілжанов.
STEM-білім беруді дамыту – Ақмола облысындағы барлық мектептердің басым бағыттарының бірі. Қазірдің өзінде 200-ден астам білім ордасы робототехника кабинеттерімен жабдықталған, 80-нен астам үйірме тұрақты түрде жұмыс істейді.


