Сандықтау ауданының Максимовка ауылында 2025 жылғы егін жинау науқанына дайындыққа арналған облыстық аграрлық кеңес өтті. Облыс әкімінің орынбасары Мұрат Балпан төрағалық еткен жиынға ауыл шаруашылығы саласының 300-ден астам өкілі, соның ішінде ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшылары, аудан әкімдері және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты, деп хабарлайды Өңірлік Коммуникациялар қызметінен.
Кеңес өткізу үшін Максимовка ауылының таңдалуы тегін емес: «Максимовское» және «Свободное» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері тұрақты табысты жұмыс істеп келеді. Бұл шаруашылықтарды белгілі Закусиловтар әулеті басқарады.
Шаруашылықтардың негізін қалаушы Александр Александрович Закусилов – облыстың құрметті азаматы, өңірдің аграрлық саласының дамуына айтарлықтай үлес қосқан тұлға.
Жиын барысында делегация шаруашылықтардың егіс алқаптарын аралап көрді. Қатысушылар заманауи агротехнологияларды, ауыспалы егіс жүйесін және алдағы егін жинау науқанының жоспары мен күтілетін өнім көлемін көріп, тәжірибелік ақпарат алды.
«Әрбір науқан – бұл тек өнім жинау емес, ауыл шаруашылығының тұрақтылығы мен өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің кепілі. Біз барлық жоспарланған шараларды сапалы және уақытылы орындауға міндеттіміз», – деді Облыс әкімінің орынбасары Мұрат Балпан өз сөзінде.
Кеңес қатысушылары алдағы егін жинау науқанына дайындықты одан әрі күшейтуді, заманауи технологияларды қолдануды және ауыл шаруашылығы саласындағы тәжірибе алмасуды басты міндет ретінде атап өтті.
«Біздің басты мақсатымыз – заманауи технологияларды қолдана отырып, өнім сапасы мен көлемін арттыру. Бұл тек шаруашылыққа ғана емес, бүкіл аудан халқына пайда әкеледі», – деді Александр Закусилов.
Бұл шара өңірдің аграрлық секторын дамыту мен тиімділігін арттыруға бағытталған нақты қадамдардың бірі болып отыр.


