Бұланды ауданының спорт инфрақұрылымында маңызды жаңалық. Макинск қаласында алты жолақты заманауи жүзу бассейнінің құрылысы аяқталуға жақын. Бұл нысанның құрылысын аудан тұрғындары асыға күтуде. Бассейннің ашылуы аудан жасөспірімдерін спорттың жаңа түріне баулып, салауатты өмір салтын ұстануға ынталандырады деп күтілуде, деп хабарлайды Өңірлік Коммуникациялар қызметі.
Бассейннің құрылысы «Бұланды ауданының мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі» базасында жүзеге асырылуда. Бұл нысанның ашылуы Бұланды ауданы үшін үлкен жетістік. 30 жыл бойы жүзу спортына арналған арнайы орын болмаған. Енді Макинск қаласында балалар мен жастардың кәсіби түрде жаттығуына мүмкіндік туып отыр.
«Біздің көптен күткен бассейн жұмыстары аяқталып жатыр. Жақын арада іске қосылады деп күтеміз. Макинкалықтардың қызығушылығы жоғары. Жүзуден білікті бапкер шақырып, осы спорт түрін дамытуға бар күшімізді саламыз», – деді аудандық мамандандырылған спорт мектебі директоры Серік Шайкенов
Құрылыс компаниясының өкілі Данияр Жүнісбековтың айтуынша қазір су толтыру жұмыстары жүргізілуде. Бассейнде арнайы заманауи тазалау жүйесі орнатылған. Ол судың сапасын автоматты түрде ұстап тұрады.
«Бассейннің ұзындығы 25 метр, тереңдігі 3 метрден басталады. Алты жол қарастырылған. Судың жалпы көлемі 800 текше метр, су жылына бір рет толық ауыстырылады. Бұрынғы электрлі жылыту жүйесі су арқылы жылытылатын экологиялық қауіпсіз нұсқаға ауыстырылған» , деді ол.
Айта кету керек, Құрылыстың сапалы жүруін «Көкшетау горсельпроект» авторлық, ал «QazaqEngineering» техникалық қадағалауды қамтамасыз етуде. Нысанның тапсырыс берушісі Ақмола облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы, ал құрылыс жұмыстарын «ГрадСтройСервис» ЖШС жүргізіп жатыр.


