Жуырда облыс орталығында «Kokshe Arena» көпфункционалды спорт кешені өз жұмысын бастады. Сарыарқа шағынауданында салынған жаңа нысан бұқаралық және кәсіби спортты дамытуға арналған заманауи алаңға айналды, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Жаңа спорт кешені қазіргі заманғы талаптар мен халықаралық стандарттарға толық сай келеді. Мұнда жаттығу өткізуге, жарыстар ұйымдастыруға, сондай-ақ республикалық және халықаралық деңгейдегі ірі спорттық іс-шараларды өткізуге барлық мүмкіндік қарастырылған.
«Көпфункционалды, бірегей “Kokshe Arena” спорт кешенінің ашылуы – бүкіл өңір үшін шын мәнінде тарихи сәт. Мемлекет басшысы бұқаралық спортсыз дені сау ұрпақты тәрбиелеу мүмкін еместігін бірнеше рет атап өткен болатын. Бұл нысан – болашаққа, балаларымыз бен жастарымыздың денсаулығы мен жетістігіне салынған инвестиция», – деді облыс әкімі.
Ашылу салтанатына республикалық және халықаралық деңгейдегі құрметті қонақтар қатысты. Олардың қатарында Бокстан халықаралық Даңқ залына енген тұңғыш қазақстандық, World Boxing халықаралық ұйымының президенті Геннадий Головкин, сондай-ақ танымал қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмонов болды.
«Болашақта дәл осы залда әлем және Олимпиада чемпиондары өсіп шығады деп сенеміз. Біз өз тарапымыздан спортшыларды қолдап, олардың әлемдік аренадағы жарқын жеңістерін асыға күтеміз», – деді Геннадий Головкин.
Кешен құрамында бокс, күрес, ауыр атлетика және кроссфитке арналған арнайы залдар бар. Сонымен қатар скалодромы және өрт-қолданбалы спорт түрлеріне арналған мұнарасы бар әмбебап спорт залы жұмыс істейді. Көрермендерге арналған 650 орындық трибуна заманауи мультимедиялық жүйелермен жабдықталған.
«Kokshe Arena» кешенінің ашылуын көкшетаулықтар ерекше қуанышпен қарсы алды. Қала тұрғындары жаңа нысан жастардың спортпен айналысуына және белсенді демалысына кең мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Қаламыз үшін бұл – көптен күткен әрі маңызды оқиға. Мұнда барлық жағдай жасалған: кең залдар, заманауи жабдықтар, түрлі спорт секциялары жұмыс істейді. Бұл кешен спорттың дамуына серпін беріп, болашақ чемпиондарды тәрбиелеуге ықпал етеді деп сенемін», – деді қоғам қайраткері Шияп Алиев.
Ашылу құрметіне қала тұрғындары мен қонақтары үшін танымал өнерпаздардың қатысуымен мерекелік бағдарлама ұйымдастырылды. Жаңа спорт кешенінің іске қосылуы өңірдің әлеуметтік және спорттық инфрақұрылымын дамыту жолындағы маңызды қадам болып, халықтың денсаулығын нығайтуға, белсенді өмір салтын қалыптастыруға және дарынды жастарды қолдауға бағытталды.


