Республика күні қарсаңында Бурабай ауданының Кенесары ауылында 120 орындық жаңа Мәдениет үйі ашылды. Бұл оқиға ауыл тұрғындары үшін ерекше мәнге ие болды – мәдениет ошағының салынуын олар шамамен 30 жыл бойы күткен, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов жұмыс сапары аясында жаңа нысанды көрді.
Ғимарат ауылдық аумақтарды дамыту бағдарламасы аясында салынды. Заман талабына сай жабдықталған нысанда концерттер, репетициялар мен үйірме сабақтарын өткізуге барлық жағдай жасалған. Бүгінде үйірмелерде 400-ге жуық бала мен ересектер айналысып жүр.
«Мәдениет үйі – жай ғана ғимарат емес, бұл ауылдың жүрегі. Мұнда рухани өмір қалыптасып, ұрпақтар сабақтастығы жалғасады және әр адам өз қабілетін таныта алады», – деді облыс әкімі.
Алғашқы күндерден бастап орталықта республикалық, облыстық және аудандық деңгейдегі іс-шаралар өткізіліп келеді. Олардың қатарында қариялардын құралған вокалдық топтың өнер көрсетуі мен балалар үйірмелері бар. Алдағы уақытта домбыра, қолөнер, тоқу және би бағыттары бойынша жаңа үйірмелер ашу жоспарланып отыр.
Ауылдық клуб қызметкері Гүлнар Ісжанова жаңа Мәдениет үйінің ауыл өмірінің жаңғыруының символына айналғанын айтты:
«Бұрын бізде мұндай мүмкіндік болмаған. 30 жылдан кейін ауылымызда жастар мен үлкендер бас қосатын заманауи мәдениет ошағы бой көтерді. Қазір біз Республика күніне арналған үлкен шараға дайындалып жатырмыз», – деді ол.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, мәдениет орталығының ашылуы бүкіл ауыл үшін үлкен қуаныш болды. Енді олардың бас қосып, шығармашылықпен айналысуына және қарым-қатынас жасауына арналған тұрақты орны бар.
«Бұл Мәдениет үйі балалар мен жастарды тәртіпке, ізгілікке, сыйластыққа тәрбиелейді. Енді бізде бәріміз бірге жиналып, дамуға мүмкіндік бар», – деді ауыл тұрғыны, зейнеткер Қайырхан Ахметжан.
Кенесары ауылындағы жаңа Мәдениет үйінің ашылуы бүкіл аудан үшін маңызды оқиға болып, ауыл өмірінің жаңару символына айналды.