Көкшетаудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің мұғалімі Гүлжан Нұрғасымова жаңа әдістемелік құралға авторлық құқық алды. «Профориентация учащихся: эффективное планирование и комплексный подход» атты еңбек – оқушыларға мамандық таңдауда дұрыс бағыт-бағдар бергісі келетін ұстаздарға арналған, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінен.
Гүлжан Нұрғасымова NIS жүйесінде 15 жылдан астам еңбек етіп келеді. Ол кәсіби бағдарлау саласын дамытуға ерекше мән беріп, АҚШ пен Оңтүстік Кореяда тағылымдамадан өткен. Сондай-ақ, халықаралық конференцияларға қатысқан. Әлемдік тәжірибені зерттей отырып, оны қазақстандық мектептерге бейімдеген.
«Қазақстанда жүйелі кәсіби бағдарлау жұмыстары тек екі жыл бұрын қарқынды дами бастады. Біз мұғалімдер арасында сауалнама жүргіздік, олардың әдістемелік материалдар мен қолдаудың жетіспейтінін анықтадық. Бұл әдістемелік құрал — нақты қажеттіліктерді қанағаттандыруға және практикалық мәселелерді шешуге бағытталған еңбектің нәтижесі», — дейді Гүлжан Нұрғасымова.
Жаңа құралда практикалық әдістер, ойын технологиялары мен диагностикалық материалдар қамтылған. Мақсат – оқушылардың мамандықты саналы әрі қызығушылықпен таңдауға үйрету.
«Кәсіби бағдарлау – жай ғана жұмыс бағыты емес, ол – менің өмірлік ісім», – дейді автор.
Сарапшылар еңбекті жоғары бағалап, оның ғылыми негізі мен тәжірибелік маңызын атап өтті. Жаңа әдістемелік құрал жас мұғалімдерге де, тәжірибелі педагогтарға да қолдау болмақ.