Көкшетауда «Шоқан Уәлиханов: Зерттеуші, Ағартушы, Дәуір адамы» атты халықаралық ғылыми форум өтті. Шараға әлемнің әр елінен жетекші ғалымдар, тарихшылар мен қоғам қайраткерлері қатысты. Олар ұлы ағартушының мұрасы жаңа көзқарасты қажет ететінін атап өтті, деп хабарлайды Өңірлік Коммуникациялар қызметі.
«Алматы менеджмент университетінің» ректоры Асылбек Қожахметов форумның басты мақсаты – ұлы ойшылдың еңбектерін терең және жан-жақты зерттеу екенін айтты.
«Шоқан Уәлихановтың есімі бәрімізге белгілі, алайда оның еңбектері толық зерттеліп біткен жоқ. Ол небәрі 30 жыл өмір сүрсе де, үлкен жетістіктерге жетті. Оның өмір жолы мен идеялары жас зерттеушілерге жаңа серпін бере алады», — деді Қожахметов.
Оның айтуынша, Шоқан Уәлиханов тек өткеннің тұлғасы ретінде ғана емес, қазіргі заманғы ғалым бейнесінде қабылдануы керек. Оның идеялары әлі де өзекті.
Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің ректоры Марат Сырлыбаев форумның дәл осы қалада өтуінің маңызы ерекше екенін атап өтті.
«Біздің өңір үшін ұлы ағартушының есімі — тарих, ғылым және мәдениеттің ажырамас бөлігі. Біз студенттер мен жас ғалымдар үшін оның еңбектері мен көзқарастары үлгі болуы үшін жұмыс істеп жатырмыз. Көкшетау — оның рухани мұрасының орталығы», — деді ол.
Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері Ауезхан Шашаев, Шоқан Уәлихановтың тұлғасы ұлттың тарихи санасын қалыптастыруда маңызды рөл атқаратынын айтты.
«Шоқан Уәлиханов қазақ халқын отаршылдық саясаттан қорғаған алғашқы ғалымдардың бірі болды және оның дербестігін ғылыми тұрғыда дәлелдеді. Бұл туралы алғаш рет Еуропа білді. Жақында Кембридж университеті оның өмірі мен еңбектері туралы ағылшын тілінде кітап шығарды. Бұл оның халықаралық деңгейде мойындалғанын көрсетеді», — деді ғалым.
Форум қатысушыларының пікірінше, бұл шара тек мерейтойлық оқиға ғана емес, ұлы ағартушының ғылыми мұрасын қазіргі Қазақстан контексінде қайта зерделеудің маңызды қадамы болды. Кездесу қорытындысы Шоқан Уәлиханов тұлғасына деген қызығушылықтың артқанын және оның идеяларының бүгінгі күні де өз мәнін жоғалтпағанын көрсетті.