Көкшетауда Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдығына арналған салтанатты шара өтті. Мерекелік жиында өңір құтқарушылары мен қызмет ардагерлері бас қосты, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Мереке қарсаңында қонақтар үшін заманауи өрт сөндіру және құтқару техникаларының көрмесі ұйымдастырылды. Соңғы жылдары қызметке алынған жаңа машиналар мен жабдықтар бөлімшелердің техникалық әлеуетінің едәуір артқанын көрсетті.
Ақмола облысының төтенше жағдайлар департаменті бастығы Бақытжан Алашов сөз сөйлеп, үш онжылдықта қызмет құрылымының айтарлықтай өзгерістерге ұшырап, алғашқы өрт сөндіру бөлімдерінен қазіргі заманғы кәсіби құтқару жүйесіне дейін дамығанын атап өтті.
«Біздің қызметтің ең басты құндылығы – адамдар. Қызметкерлердің ерлігі мен жауапкершілігінің арқасында жыл сайын ондаған адам құтқарылады, жүздеген төтенше жағдайдың алдын аламыз. Бұл жолды таңдаған әрбір маманмен мақтанамыз», – деді ол.
Салтанатты жиында үздік қызметкерлерге ТЖМ-ның 30 жылдығына арналған мерейтойлық төсбелгілер мен министр мен облыс әкімінің алғыс хаттары табыс етілді.
Қонақтардың ерекше назарын департамент дайындаған бейнеролик аударды. Онда өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың күнделікті жауапты қызметі көрсетілді.
Кеш мерекелік концертпен аяқталды. Оған ТЖД қызметкерлері мен мәдениет саласының өкілдері қатысты. Шара бірлікті, батылдық пен елге қызмет етудің маңызын айқындаған мерейлі мерекеге айналды.