Көкшетау қаласындағы №2 мектеп-лицейдің екінші корпусында реновация бағдарламасы аясында күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Бұл – білім беру сапасын арттырып, оқушыларға қолайлы жағдай жасау жолындағы маңызды қадам. Себебі бүгінде лицейде 2,5 мыңнан астам бала білім алады, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінен.
Оқу орны алғаш рет 1969 жылы салынған. Уақыт талабына сай жаңғырту жұмыстары мектептегі орын тапшылығы мәселесін шешуге бағытталған. Қазір кең әрі жарық сыныптар заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Сонымен қоса, білім алу үшін қолайлы орта қалыптастырылған.
«Балалардың қауіпсіздігі мен сапалы білім алуына барлық жағдай жасалды. Оқушылардың жарық әрі жайлы кабинеттерде оқып жатқанына бәріміз қуанамыз. Сонымен қатар, оқу бөлмелеріне 10 интерактивті панель орнатылды», – деп атап өтті мектеп директорының міндетін атқарушы Роза Байболова.
Ата-аналар мен оқушылардың айтуынша, жаңартылған корпус тек заманауи ғана емес, сонымен қатар сабақ оқу үшін әлдеқайда ыңғайлы бола түскен. Мұндай оң өзгерістер балалардың өзіне деген сенімін нығайтып, оқуға деген ынтасын арттырады.
Екінші корпустың жаңғыртылуы – өңірдегі білім беру инфрақұрылымын жақсарту жолындағы тағы бір үлгілі жоба. Бұл жаңарту алдағы жылдары да оқушыларға сапалы білім мен жайлы жағдай ұсынуға мүмкіндік береді.