Ақмола облысының жас робототехниктері әлемдік жарыстарда еліміздің атын қорғауға дайындалып жатыр. Қысқа уақыт ішінде бірнеше күрделі робот жасап, өздерінің шеберлігін дәлелдеген бұл команда болашақ технологиялық көшбасшылардың буыны екенін көрсетті. Жанкелді Сұлтанбек – инженерлік-техникалық (IT) әдіскері, өз тәжірибесін жастармен бөлісіп, командаларды әлемдік жарыстарға жетелеп келеді, деп хабарлайды Өңірлік Коммуникациялар қызметінен.
«Мен робототехника саласына университет қабырғасынан бастап бет бұрдым. Түрлі жарыстарға қатысу қызығушылығымды арттырды», – дейді Жанкелді Сұлтанбек.
Оның айтуынша, соңғы «Robotics for Good Youth Challenge» чемпионатына дайындық өте қысқа мерзімде өтті, бірақ қиындықтарға қарамастан команда үш робот жасап, әрқайсысының өз миссиясын орындауға дайындығын қамтамасыз етті.
Жанкелді командадағы жетістіктің басты құпиясы тәрбиеленушілердің роботты өздері жасап, бағдарламалауда екеніне сенімді.
«Көп командаларда жетекші роботты өзі жасап береді, ал бала оны қалай пайдалану керек екенін білмей қалады. Біздің басты артықшылығымыз – роботты тәрбиеленушілердің өздері жасауы және басқаруы», – дейді ол.
Бүгінгі таңда жасанды интеллект пен робототехника – жай ғана тренд емес, болашақтың іргетасы. Жанкелді Сұлтанбектің ойынша, қазіргі жастар бұл бағыттарды меңгерсе, тек жұмыс табушы емес, жаңа технология жасаушы буынға айналады. Соңғы Astana Tech Cup жарысында команданың мүшелері IT саласында тегін оқу мүмкіндігіне ие болды, ал Швейцарияның Женева қаласына жолдама – бұл тек команданың ғана емес, Ақмола облысының да үлкен жеңісі болып отыр.
«Бұл жарысқа еліміздің барлық облыстарынан 25 команда қатысты, бірақ Қазақстан атын қорғауға тек біздің команда барады. Әрине, біз жеңіске сенеміз, бірақ жауапкершіліктің ауыр екенін де білеміз», – дейді Жанкелді Сұлтанбек.
Робототехниканы өңірде дамыту үшін тек заманауи жабдық қана емес, жүйелі стратегия, кадр дайындау және тұрақты қолдау қажет. Егер бұл бағыт кешенді түрде дамыса, Ақмола облысы технологиялық орталыққа айналуы мүмкін. Жанкелді Сұлтанбек пен оның командасы жас таланттарды шабыттандырып, ғылым мен техника саласындағы жаңа жетістіктерге жол ашуда.


