Ерейментау ауданы әлеуметтік даму, денсаулық сақтау, жұмыс орындарын құру мен инфрақұрылым жаңартуға бағытталған маңызды қадамдармен ерекшеленіп келеді. 25 мыңға жуық халқы бар ауданда ауысымына 250 адамды қабылдайтын емхана қызмет көрсетеді. Аудандағы әрбір өзгеріс – бұл тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға, өмір сапасын арттыруға бағытталған нақты қадамдар. Бұл туралы аудан әкімінің орынбасары Баттал Ыбыраев брифингте мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінен.
Аудан әкімі орынбасарының айтуынша, Ерейментау ауданында денсаулық сақтау саласына айрықша назар аударылып келеді. Қазіргі таңда көптеген ауылдарда медициналық қызмет көрсету жағдайлары жақсарып, жаңа дәрігерлік амбулаториялар салынып, ескілері жаңартылуда. Мәселен, Тайбай, Өлеңті, Олжабай батыр ауылдарындағы амбулаторияларды жөндеуге 155 миллион теңге бөлінген. Бұл шаралар ауыл тұрғындарының денсаулық сақтау қызметтеріне қолжетімділігін арттыру мақсатында жүзеге асырылды.
«Еркіншілік ауылында жаңа амбулаторияның құрылысы аяқталды. Заманауи медициналық жабдықтармен толықтай жабдықталған жаңа амбулатория тұрғындардың сапалы медициналық көмек алуына мүмкіндік береді. Бұл өзгеріс, әсіресе, алыстағы ауылдардағы тұрғындардың денсаулығын жақсартуға зор ықпал ететіні сөзсіз», — деді Баттал Ыбыраев.


