Зеренді ауданының Еленовка ауылында жаңа заманауи сүт-тауарлы ферма құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Ауқымды жоба «Agro Milk Prodgec» серіктестігі тарапынан жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 90%-ы аяқталған, ал нысанды пайдалануға беру 2025 жылдың қараша айына жоспарланып отыр, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Жоба толық іске қосылғаннан кейін фермада 400 бас ірі қара мал ұсталып, тәулігіне 8 000 литр жоғары сапалы сүт өндіріледі. Бұл өнім өңірдегі ең ірі өңдеу кәсіпорындарының бірі — «Milk Project» зауытына жеткізіліп, отандық сүт өнімдері нарығын қамтамасыз етуге бағытталады.
Жобаның жалпы құны 1,3 млрд теңгені құрайды. Болашақта өндіріс көлемін ұлғайтып, инвестиция көлемін 2 млрд теңгеге дейін арттыру жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде өңірдің аграрлық секторын дамытуға елеулі серпін бермек.
«Біздің басты мақсатымыз — ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру, заманауи технологияларды енгізу және ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамту», — дейді жоба басшылығы.
Ферма іске қосылғаннан кейін ауылда 25–30 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады. Бұл жергілікті тұрғындар үшін маңызды әлеуметтік қолдау болып саналады. Сондай-ақ ферма заманауи сүт өндіру стандарттарына сай жабдықталып, экологиялық талаптарды сақтай отырып жұмыс істейді.
Ауыл шаруашылығы саласына бағытталған бұл жоба Зеренді ауданының агроөнеркәсіптік әлеуетін арттырып қана қоймай, өңірлік экономиканың дамуына оң ықпал етпек.