Көкшетаудағы NIS-тің 10-сынып оқушысы Абылайхан Самат — оқудағы озаттық пен ұлттық құндылықтарды қатар ұштастырып жүрген жас. Жас зияткер үшін домбыра — жай ғана музыкалық аспап емес, ұлттық бірегейліктің символы. Алайда, Абылайханның айтуынша, оның өнер әлеміне келуі саналы таңдаудан басталмаған, деп хабарлайды Өңірлік Коммуникациялар қызметінен.
«Бұл өте қызықты оқиға, өйткені домбыраны мен таңдаған жоқпын. Жеті жасымда үйімізге ата-әжем қонаққа келді. Олар менің ән айтып, тақпақ айтатынымды көріп, ата-анама мені домбыра үйірмесіне беруді ұсынды. Сол сәт әлі күнге дейін көз алдымда: анам “жүр, оқуға жазыламыз” дегенде, қорыққанымнан “бармаймын” деп жылап, ата-анамды райынан қайтаруға тырыстым. Бірақ анам айтқанымды тыңдамай, мені жетектеп мектепке алып келді», — деп еске алады Абылайхан.
Алғашында қарсылық танытқанына қарамастан, мектептегі шығармашылық орта оны бірден баурап алды. Тоғыз жылға созылған шеберлік жолы балалық қорқынышты сейілте білген алғашқы ұстазбен кездесуден басталды.
«Мектепке кірген сәтте қатты таңғалдым: айнала толы әсем әуен, жылы жүзді адамдар. Ұстазымның шеберлігі мен мейірімділігі мені бірден баурап алды. Өзім білетін әндерді орындап бергенімде, ағай: “Бұл балада дарын бар”, — деді. Сол сәтте көзім жанып, өнерге деген құштарлығым оянды. Содан бері бірде-бір сабақты қалдырған емеспін. Осы үшін отбасыма және ұстазыма шексіз алғыс айтамын», — дейді ол.
Бүгінде оқушының репертуарында 40-қа жуық күрделі күй бар, ал оның шығармашылық өмірбаяны «Таланты Казахстана» байқауының Гран-при иегері атанудан бастап, 2024 жылғы Ұлттық Дельфий ойындарының өңірлік кезеңіндегі жеңісіне дейінгі айтулы жетістіктерді қамтиды. Әсіресе, оның орындауындағы «Көроғлы» күйінің орны бөлек, өйткені бұл туынды күйшілер арасында кәсіби шеберліктің көрсеткіші саналады.
«Халық күйі “Көроғлы” — ерліктің, бостандық пен әділдіктің символы. Бұл күйді шерткенде өткен мен бүгіннің арасындағы рухани сабақтастықты сезінемін. Ол маған ішкі қуат беріп, ұлттық мұраны сақтау жолындағы жауапкершілікті терең түсінуге көмектеседі», — деп бөлісті оқушы.
Қазіргі таңда Абылайхан Самат жай ғана талантты оқушы емес, ұлттық өнердің нағыз насихаттаушысы. Оның тарихы табанды еңбектің арқасында шынайы дарын мен үлкен жетістіктерге жол ашылатынын дәлелдейді.
«Қатарластарыма айтар кеңесім — жаңа нәрседен қорықпаңыздар, барлық мүмкіндікті өз дамуларыңыз үшін пайдаланыңыздар. Ал ата-аналарға балалардың өзін-өзі жетілдіруіне барынша жағдай жасау керектігін айтқым келеді. Бұл міндетті түрде жақсы нәтижеге жеткізеді», — деп түйіндеді сөзін Абылайхан.


