Ақмола облысында Наурыз мерекесі биыл жаңа форматта атап өтілді. Көкшетау қаласындағы Aqmola Hub алаңында «Digital Nauryz» атты зияткерлік IT-квиз ұйымдастырылып, технология, инновация және стартап мәдениетіне қызығатын жастардың басын қосты. Бұл туралы Кокше ТВ сайтына сілтеме жасап, Ақмола облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.
Іс-шара ұлттық дәстүр мен заманауи технологияны үйлестірген ерекше форматымен ерекшеленді. Зияткерлік ойын Smart Aqmola домбырашыларының өнер көрсетуімен және Наурыз мерекесіне арналған би бағдарламасымен басталып, қатысушыларға мерекелік көңіл күй сыйлады. Кейін квиздің негізгі кезеңі өтіп, командалар технологиялар, цифрлық трендтер және стартаптар тақырыбындағы білімдерін сынады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастамалар өңірдегі IT-қоғамдастықты дамытуға және жастардың цифрлық сауаттылығын арттыруға бағытталған. Интерактивті ойын Kahoot платформасы арқылы өтіп, қатысушылар логикалық тапсырмалар орындап, командалық сайыста бақ сынады. Сонымен қатар шара аясында жастар арасында нетворкинг ұйымдастырылды.
«Наурыз – жаңару мен жаңғырудың символы. Бұл кезең адамдарды білім мен жаңа мүмкіндіктер төңірегіне біріктіретін білім беру және цифрлық бастамаларды жүзеге асыруға қолайлы уақыт. Біз бұл іс-шараны Жастар ресурстық орталығы және Digital Aqmola ұйымымен бірлесіп өткіздік», – деді «Астана Хаб» автономды кластерлік қоры Көкшетау филиалының басшысы Әсел Әбдірахманова.
Шараға өңірдің жоғары оқу орындарының студенттері мен жас мамандар белсенді қатысты. Жалпы квизге 20-ға жуық жас қатысып, цифрлық технологиялар мен стартаптар тақырыбындағы білімдерін көрсетті.
Зияткерлік ойынның жеңімпазы, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің студенті Аяжан Қалышева бұл іс-шараның ерекше әсер қалдырғанын атап өтті.
«Бүгін Aqmola Hub-та Наурыз мерекесіне орай өте қызықты IT-квест өтті. Командамызбен қатысып, бірінші орын алдық. Сұрақтар стартаптар мен Наурыз тақырыбын қамтып, өте қызықты болды. Осындай шаралар жастарды жаңа идеяларға шабыттандырады», – деді ол.
Іс-шара қорытындысында жеңімпаздар мен белсенді қатысушыларға бағалы сыйлықтар табысталды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Digital Nauryz» жобасы дәстүр мен цифрлық технологияларды үйлестіре отырып, жастарды білім, инновация және жаңа мүмкіндіктер төңірегіне біріктірген маңызды алаңға айналды.


