Қыста Бурабай табиғаты әсем көрінгенімен, жануарлар үшін бұл – ауыр кезең. Қар қалың түскенде бұғы, елік, қабан сияқты аңдарға қорек табу қиынға соғады. Сол себепті «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі жыл сайын жануарларға қысқы азық дайындайды, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінен.
Биыл парк қызметкерлері 450 тоннадан астам шөп, 250 тоннадан астам дәнді дақылдардан жасалған жем, 19 тонна тұз, сондай-ақ 137 мың дана бұтақты жем (сыпырғыш) әзірледі. Бұтақты жем – елік пен бұғы үшін қысқы уақытта ең маңызды қорек көзі. Олар көктемнен бастап дайындалып, күзге дейін жиналып, қыс түскенде жануарлар көп жүретін жерлерге жеткізіледі.
Қызметкерлер сонымен қатар 26 жаңа оттық орнатып, 50-ге жуық ескі оттықты жөндеді. Арнайы тұздықтар да жасалды. Өйткені табиғатта тұз жеткіліксіз, ал ол тұяқты жануарлардың денсаулығы мен өсіп-өнуі үшін аса қажет.
Соңғы есеп бойынша, Бурабайда 1472 бұғы, 1429 елік, 696 қабан, 141 бұлан, 55 сілеусін және 38 қасқыр мекендейді. Бұдан бөлек, қоян, түлкі, тиін және күзен тұқымдас аңдар да көптеп кездеседі.
Мұндай жұмыстар жануарлардың қысты аман өткізуіне көмектесіп қана қоймай, Бурабайдағы табиғи тепе-теңдікті сақтауға да ықпал етеді. Ұлттық парк қызметкерлерінің айтуынша, азық дайындау – тек жануарларға көмек емес, бүкіл экожүйені қорғауға қосылған үлес.


