Бурабай ауданы Ақмола облысының туристік аймағының жүрегі. Әсем табиғатының көркімен қатар әлеуметтік даму көрсеткіштері де артып келеді. Ауданның облыс орталығы Көкшетауға жақындығы да оған тікелей әсер етуде. Ауданда білім саласы нысандары күрделі жөндеуден өткізіліп, ұстаздар еңбегі жоғары бағалануда. Бұл туралы брифинг барысында Бурабай ауданы әкімінің орынбасары Рамазан Мерей мәлімдейді, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінен.
Бурабай ауданындағы білім беру саласында жүргізілген жұмыс нәтижелері көңіл көншітеді. Аудан әкімінің орынбасары Мерей Рамазан білім сапасының артқанын мақтанышпен жеткізді. Бүгінде ауданда 50 білім беру мекемесі бар. Оның ішінде 38 мектеп, 10 балабақша және мектепке дейінгі бірнеше ұйым жұмыс істеп тұр.
«Әрине, білім сапасы да жыл өткен сайын жақсарып келеді. 2024 жылы аудан мектептеріндегі білім сапасы 60,4%-ке дейін өсті. Бұл – өткен жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда айтарлықтай жоғары. Жергілікті білім беру мекемелерінің оң динамикасын көріп отырмыз. Қазіргі таңда жас мамандардың ауданға көптеп келуіне байланысты ауданда кадр тапшылығы мәселесі сезілмейді», деді аудан әкімінің орынбасары.
Білім беру инфрақұрылымын жаңарту, әсіресе мектептердің жөнделуі – тағы бір маңызды бағыт. Осы орайда Атамекен мен Қарашілік ауылдарындағы мектептердің күрделі жөндеуден өткенін атап өткен жөн. Ал Щучинск қаласындағы №4 орта мектепте ағымдағы жылы күрделі жөндеу жұмыстары толық аяқталып, мектеп оқушылары мен мұғалімдеріне қолайлы жаңа жағдайлар жасалыпты. Бұдан басқа, «Арман» жасөспірімдер орталығында да жаңарту жұмыстары қолға алынған. Сондай-ақ, Оқжетпес ауылындағы мектепті жөндеуге сараптама алу жоспарланып отыр.
«Бурабай ауданының білім беру саласындағы тағы бір жарқын жетістігі – оқушылардың халықаралық аренадағы табыстары. Мәселен, Абылайхан атындағы орта мектептің оқушылары робототехника бойынша өткен халықаралық жарысқа қатысып, Италияның Рим қаласында бірінші орынға ие болды. Бұл – ауданның білім беру саласының халықаралық деңгейде танылуына қосылған үлкен үлес», деп толықтырды спикер.
Білім сапасының артуы әрине, мұғалімдердің елеулі еңбегінің арқасы. Олардың қажырлы еңбегі мен шығармашылық ізденістері жоғары бағаланып, бірнеше ұстаз республикалық деңгейде марапатталған. Мысалы, ауданның білім бөлімінде жұмыс істейтін Сейдахметова Гүлжазира мен Шрейнер Оксана «Ы. Алтынсарин медалімен» марапатталған. Бұл – олардың білім саласындағы жоғары жетістіктерінің, қажырлы еңбегінің көрінісі. Мұғалімдер мен оқушылардың жетістіктері Бурабай ауданының білім беру саласындағы үздік жұмыс нәтижелерін дәлелдейді.