2025 жылы Ақмола облысында цифрландыру өңірлік дамудың басым бағытына айналды. Шалғай елді мекендер сапалы интернетпен қамтамасыз етіліп, жаңа өңірлік цифрлық басқару жүйелері енгізілді. Бұл шаралар басқару процестерінің тиімділігін арттырып, инфрақұрылым мен халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға бағытталды, деп хабарлайды Өңірлік Коммуникациялар қызметінен.
Жыл ішінде цифрландыруды кезең-кезеңімен дамытуға бағытталған бірқатар нақты шаралар жүзеге асырылды. Соның ішінде 2030 жылға дейінгі цифрландыру стратегиясының қабылдануы өңірдің ұзақмерзімді дамуына негіз қалады. Құжатта Ақмола облысын «ақылды аймақ» қағидаттары негізінде дамыту көзделген.
Осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі – биыл күзде іске қосылған Digital Aqmola цифрлық басқару орталығы. Аталған орталық облыстағы негізгі көрсеткіштерді бір алаңда шоғырландырып, жол-көлік инфрақұрылымы, коммуналдық желілер, төтенше жағдайлар мен өзге де салалар бойынша деректерді нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді.
Байланыс және интернет инфрақұрылымын дамыту да басты басымдықтардың қатарында болды. Қазіргі таңда облыстағы барлық мектептер жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етілген. Шалғай елді мекендерде спутниктік Starlink байланысы қолданылып жатыр. Сонымен қатар, мобильді байланыстың сапасын арттыру мақсатында базалық станциялар жаңғыртылып, жаңа нысандар салынуда.
Алдағы жылдары жүздеген ауылды талшықты-оптикалық интернетке қосу жоспарланған.
Ақмола облысы цифрлық технологияларды енгізуде республика бойынша пилоттық алаңға айналды. Соның айқын дәлелі – Direct to Cell технологиясының Қазақстанда алғаш рет осы өңірде іске қосылуы. Бұл шешім байланыс мұнарасы жоқ аумақтарда да смартфон арқылы спутникке тікелей қосылуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, дрондарды пайдалану тәжірибесі кеңінен енгізілді. Су тасқыны қаупі бар аймақтар, коммуналдық нысандар мен инфрақұрылым объектілерінің жай-күйі әуеден бақылауға алынды. Тиімділігі дәлелденген бұл тәсіл алдағы уақытта барлық аудан орталықтарында қолданылмақ.
Жалпы, 2025 жыл Ақмола облысында цифрландырудың нақты нәтижелері көріне бастаған кезең ретінде есте қалды. Интернет қолжетімділігі кеңейіп, басқару процестері жеделдеді, заманауи технологиялар тұрғындардың күнделікті өміріне жүйелі түрде ене бастады. Алдағы жылдары бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып, өңір халқының өмір сапасын арттыруға қызмет етпек.


