Бұланды ауданының Макинск қаласында 120 пәтерден тұратын екі бес қабатты тұрғын үйдің құрылысы жалғасуда. Жаңа нысандар «Реновация» бағдарламасы аясында салынуда және апатты деп танылған үйлердің тұрғындарын баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған, деп хабарлайды Өңірлік Коммуникациялар қызметінен.
Еске сала кетсек, аудан орталығы су басу қаупі жоғары аймақта орналасқан. Биыл көктемде табиғи апат салдарынан бірнеше тұрғын үй зардап шеккен болатын. Сол кезде мемлекет апатты үйлердің иелеріне және тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға көмек қолын созды. Көппәтерлі үйдің құрылысы жыл ортасында басталып, бүгінде аяқталуға жақын.
«Құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр: шатыр жабылып, терезе орнату және ішкі әрлеу жұмыстары аяқталуда. Биылғы жылдың соңына дейін құрылыс толық аяқталып, пәтерлерді тапсыруды жоспарлап отырмыз. Қазіргі таңда апатты үй кезегінде 60 адам тұр, олардың 12-сі көктемгі су тасқынынан зардап шеккендер», – деді аудан әкімінің орынбасары Самат Жүсіпов.
Әкімдік мәліметінше, тұрғын үйлердің бірі апатты үй иелеріне берілсе, екіншісін жергілікті кәсіпорын қызметкерлері жұмыс берушілердің қолдауымен сатып алмақ. Олардың қатарында Макинск құс фабрикасы, жылу оқшаулағыш зауыты және «Арна» компаниясы бар. Бұл бастама аудан еңбеккерлерін ұстап қалуға және оларды жайлы баспанамен қамтуға мүмкіндік береді.
Құрылыс жұмыстары бекітілген кестеге сай жүргізілуде.
«1 шілдеден бастап әрқайсысы 60 пәтерден тұратын екі блоктың құрылысы жүріп жатыр. Қабырға қалау мен шатыр жұмыстары аяқталды, қазір сылақ, еден құю және инженерлік жүйелерді монтаждау жұмыстары атқарылуда. Нысанды толықтай 16 желтоқсанға дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз», – деді «УК строй» компаниясының учаске бастығы.
Болашақ тұрғындар заманауи және толықтай жайлы пәтерлерге ие болады. Үйлер орталық жылу жүйесіне, су және кәріз желілеріне қосылады. Жақын маңда орналасқан БМК-1 қазандығы тұрғындарға үздіксіз жылу беруді қамтамасыз етеді.


