Қазақстанда 2026 жыл цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланды. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің жаңа жылдық құттықтауында айтты. Президенттің сөзінше, озық цифрлық технологияларды кеңінен енгізу елдің барлық саласының даму әлеуетін арттырып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашады, деп хабарлайды Өңірлік Коммуникациялар қызметінен.
Президент бұған дейін де цифрландыру бағытына басымдық беріп келеді. Өткен жылғы халыққа Жолдауында ол үш жыл ішінде Қазақстанды толыққанды цифрлық мемлекетке айналдыру міндетін қойған болатын. Қазіргі таңда бұл бағытта жүйелі жұмыстар басталып кетті: Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылды, ал AI-Sana ұлттық жобасы арқылы еліміз бойынша 650 мыңнан астам студент оқытылды. Ақмола облысындағы мектептер мен жоғары оқу орындары да бейінді мамандар дайындауға кірісті.
Техника ғылымдарының кандидаты Нұржан Болатовтың айтуынша, жасанды интеллект тек IT саласының мамандарына ғана емес, әртүрлі салада жұмыс істейтін жастарға да қажет дағдыға айналып келеді:
«Біздің университетте оқытушылар мен әкімшілік қызметкерлері AI-Sana бағдарламасы аясындағы іс-шараларға қатысты. Өз мүмкіндіктерін шыңдады. Соңғы екі жылда 4 мыңға жуық студентіміз жасанды интеллектіні экономиканың әртүрлі саласында қолдануды үйренді», – дейді ол.
Жасанды интеллект қазірдің өзінде медицинаға, өнеркәсіпке, ауыл шаруашылығына, логистика мен білім беру жүйесіне еніп келеді. Сарапшылардың пікірінше, бұл – Қазақстанның жаңа технологиялық дәуірде бәсекеге қабілетті болуына мүмкіндік беретін басты құрал. Мемлекет басшысы да «Turkistan» газетіне берген сұхбатында цифрлық державаға айналудың маңызын ерекше атап өтті.
Облыстағы стартап қозғалысының дамуын «Инновациялық технологиялар паркі» кластерлік қорының филиалы басшысы міндетін атқарушы Әсел Әбдірахманова былай сипаттайды:
«Былтыр өңірде стартаптар саны 60-қа жетті. Олардың 50-і инкубациялық бағдарламаға өтінім берді. 14 жоба сәтті аяқталды. Қазір үш жоба бета-тестілеуден өтуде, біреуі толық нарыққа шығып, алғашқы сатылымдарын жасады. Тіпті Өзбекстаннан 10 мың АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартқан жоба да бар», – дейді ол.
Ақмолада цифрландырудың тағы бір маңызды алаңы – «Digital Aqmola» орталығы. Мұнда заманауи технологиялардың көмегімен қала өмірінің негізгі салалары бір платформада біріктірілген. Көлік қозғалысы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, қауіпсіздік, экология, денсаулық сақтау және тіпті ауыл шаруашылығы да цифрлық жүйе арқылы бақылауда. Бұл шешім уақытты үнемдеп қана қоймай, басқару сапасын арттырып, тұрғындарға көрсетілетін қызметтің қолжетімділігін күшейтеді.
Жасанды интеллект енді тек ғылыми ортада айтылатын ұғым емес. Ол – дәрігердің диагноз қоюына көмектесетін, фермердің өнімін жоспарлайтын, кәсіпкердің тәуекелін азайтатын, оқушының білім алу тәсілін өзгертетін күнделікті өмір құралына айналып келеді. Сондықтан цифрландыру жылы – тек технологиялық жаңғыру емес, қоғамның ойлау тәсілін жаңарту жылы болмақ.


