Ақмола облысында 2024 жылғы өрт қауіпті кезеңнің қорытындылары шығарылып, алдағы маусымға дайындық жұмыстары талқыланды. Орман күзеті мен авиациялық қызмет өкілдері өткен жылды салыстырмалы түрде қолайлы кезең деп бағалады. Барлығы бес орман өрті тіркеліп, келтірілген шығын 215,7 мың теңгені құрады. Өрттердің негізгі себептері – найзағай разрядтары, адам факторы және белгісіз жағдайлар, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінен.
Ақмола облысының Солтүстік авиациялық бөлімшесінің командирі Николай Лесной өңір аумағында 680 мың гектар орман қорын қамтитын үш авиациялық бөлімше жұмыс істейтінін атап өтті.
«Біздің қарамағымызда 2-4 класты 14 тікұшақ, төрт ұшақ және бірінші класты екі тікұшақ бар. 2024 жылы авиация 917 сағат ұшу жұмыстарын орындап, өрт ошақтарын жедел анықтауға және сөндіруге мүмкіндік берді», –деді ол.
Авиациялық орман күзеті 2025 жылы да белсенді жұмысын жалғастырады. Қазіргі таңда қызметкерлерді даярлау толық аяқталған. Олар авиациялық өрт сөндірушілер теориялық және практикалық оқытудан өтіп, қажетті қорғаныс құралдарымен және жабдықтармен қамтамасыз етілді. Жаңа мотопомпалар, бензопилалар, арқалық өрт сөндіргіштер, су қоймалары және ауа үрлегіштер сатып алыныпты. Сонымен қатар, арнайы техника паркі «Газель-Соболь» және «Нива» автокөліктерімен толықты.
Ақмола облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мәліметінше, өңірде 23 мемлекеттік орман шаруашылығы мекемесі, оның ішінде «Бурабай», «Көкшетау» және «Бұйратау» ұлттық табиғи парктері жұмыс істейді. Облыс аумағының 2,6%-ын ормандар алып жатыр, олардың 50%-дан астамы қылқан жапырақты ағаштар.
Өрт қаупінің алдын алу мақсатында өңірде ерте анықтау жүйелері енгізілді. Жылу детекторлары бар бейнебақылау камералары өрт ошақтарын бастапқы кезеңде тіркеуге мүмкіндік береді, ал дрондар жағдайды бақылау және құқық бұзушылықтарды анықтау үшін қолданылады.
«Біз орман пайдаланушылардың өрт қауіпті маусымға дайындығын күшейтілген түрде тексеруді жалғастырамыз. Наурыз айында Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп инспекциялық жұмыстар жоспарланған. Бұл шаралар өртке қарсы техниканың жай-күйін және қауіпсіздік нормаларының сақталуын бағалауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, орман күзеті қызметкерлері үшін өртті сөндірудің жаңа әдістері бойынша оқыту курстары ұйымдастырылады», – деп мәлімдеді инспекция басшысы Арман Тұрымбаев.
2024 жылғы өрттер авиациялық және жердегі қызметтердің тиімді ынтымақтастығын көрсетті. Дегенмен, өрттердің едәуір бөлігі адам факторының салдарынан туындаған. Өткен жылы өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін 44 жеке және лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 3,1 млн теңгеден астам айыппұл салынды.
2025 жылы авиациялық патрульдеу жүйесі одан әрі дамытылып, мониторинг құралдары кеңейтіледі және өрт қауіпсіздігін сақтау шаралары күшейтіледі. Мамандардың пікірінше, уақтылы алдын алу және жедел әрекет ету шаралары Ақмола ормандарын өрттен сақтауға мүмкіндік береді.