Атбасар ауданында аудан орталығының 180 жылдығына және жерлес ақын, қазақтың көрнекті жазушысы Ілияс Есенберлиннің 110 жылдығына арналған ауқымды іс-шаралар өткізу жоспарлануда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар алаңындағы брифингте аудан әкімінің орынбасары Жанасыл Сабырұлы хабарлады.
Атаулы мерейтойға орай 30-дан астам іс-шара ұйымдастырылмақ. Олар жылдың екінші жартысына жоспарланған.
«Биыл біздің Атбасар 180 жылдық мерейтойын атап өтеді. Осыған байланысты арнайы жұмысшы штабы құрылды. Атбасар қаласының 180 жылдығы мен Ілияс Есенберлиннің 110 жылдығына арналған іс-шаралар жоспары бекітілді. Жоспарда 30-дан астам маңызды шаралар бар. Атап айтқанда, республикалық айтыс, ғылыми-тәжірибелік конференциялар, жазғы облыстық спартакиада, қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен өтетін гала-концерт және басқа да мәдени-спорттық шаралар ұйымдастырылады», – деді аудан әкімінің орынбасары.
Сонымен қатар, мерейтойға арналған арнайы кітап жарық көреді, ал ауданның құрметті тұрғындары мерекелік медальдармен марапатталады деп жоспарлануда.


