Ақмола өңіріндегі «Сандықтау» ЖШС ауыл шаруашылығында жүйелі даму мен сапаға басымдық берудің нақты үлгісін көрсетіп келеді. Кәсіпорын мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығын қатар дамытып, өндірістік тиімділік пен асыл тұқымды әлеуетті ұштастыру арқылы тұрақты нәтижеге қол жеткізуде, деп хабарлайды Өңірлік Коммуникациялар қызметінен.
Шаруашылық қазақтың ақбас сиыры мен герефорд тұқымдарын өсіруге маманданған. Бүгінде ірі қара мал басы 600-ден асып отыр. Бұл көрсеткіштер кәсіпорынның асыл тұқымды бағыттағы жұмысының жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын аңғартады.
Көктемгі дала жұмыстарына дайындық та жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Зертханалық талдауға ұсынылған 940 тонна тұқым себу стандартының 2 және 3 сынып талаптарына сай деп танылды. Бұл – болашақ өнімнің сапалы болуына негіз. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы техникасының дайындығы 100 пайызды құрап отыр. Егіс науқанында үш заманауи егіс кешені, культиваторлар мен автокөліктер толыққанды жұмыс істемек.
Шаруашылықта еңбек тәртібі мен өндірістік мәдениетке ерекше мән беріледі. Қызметкерлер үшін қолайлы жағдай жасау, жаңа технологияларды енгізу және жауапкершілікті арттыру – табыстың басты факторларының бірі.
«Ауыл шаруашылығындағы тұрақтылық жүйелі тәсілдің, тәртіп пен әрбір қызметкердің жауапкершілігінің арқасында қалыптасады. Біз жаңа ауыл шаруашылығы маусымына нақты жұмыс жоспарымен сенімді түрде қадам басып отырмыз», — деді шаруашылық басшысы Жамул Мусханов.
Осылайша, «Сандықтау» ЖШС өңірдің аграрлық әлеуетін нығайтуға өз үлесін қосып, асыл тұқымды мал өсіру мен заманауи егіншілік мәдениетін қатар дамытудың тиімді моделін қалыптастырып отыр


