Бұрын көктем мезгілі аудан тұрғындары үшін алаңдаушылық тудырса, биыл Колутон өзенінде ауқымды жұмыстар қолға алынды. Басты мақсат — өзен арнасын тереңдету және кеңейту арқылы 500-ден астам ауыл тұрғынын тасқын судан қорғау. Өңірдің су тасқынына дайындығы туралы ауылдық округ әкімі Жанатхан Дәулеткереев мәлімдеді, деп хабарлайды Өңірлік Коммуникациялар қызметінен.
«Біз алдын алу шараларын жүргізуді жөн көрдік. Негізгі міндет — су ең көп қажет ететін тұстарда оның жолын ашу. Қазірдің өзінде үш шақырымнан астам канал ретке келтіріліп, ескі қамыс қопалары тазартылды. Енді өзен суы тұрғын үйлерге жайылмай, теміржол көпіріне қарай еркін ағатын болады», — деп түсіндірді Жанатхан Дәулеткереев.
Жағалауда «Көкшетаугидрогеология» компаниясының ауыр техникалары тәулік бойы жұмыс істеуде. Мердігер мекеме өкілі Дамир Хайрушев қазіргі уақытта жұмысшылар еріген қар суы үшін жол салып жатқанын айтты.
«Біз кең бұру каналын қазып жатырмыз, кейін оны 52 метрге дейін кеңейтеміз. Өзен түбінен алынған топырақтан бірден қорғаныс бөгетін (дамба) тұрғызып жатырмыз. Бұл ауыл үшін сенімді тосқауыл болмақ», — деп атап өтті Дамир Хайрушев.
Жергілікті тұрғындар да мұндай дайындықтың бұрын-соңды болмағанын растап отыр. Осы ауылда 40 жылдан бері тұратын Галина Пидяшова өткен жылдардың қиындығын еске алды:
«Бұл жолғы дайындық өте ауқымды. Ауылдан қар шығарылып, көшелер тазартылды. Ал өзен басында тракторлар күндіз-түні жұмыс істеп жатыр – жігіттер тіпті қозғалтқышты сөндірместен, бар ынтасымен еңбек етуде. Олардың тырысып жатқанын көріп, біз де жақсылықтан үміттіміз», — деді ол.
Өзендегі жұмыстардан бөлек, ауданда үлкен техника паркі дайындалған: 100-ден астам машина, 47 қуатты сорғы және 550 тонна инертті материал (құм) бар.
Кептелістерді болдырмау үшін Колутон, Бақсуқ және Аршалы өзендерінде мұзды жару жұмыстары жүргізілді.
Бүгінгі таңда ауылдардан 102 мың текше метр қар шығарылды. Барлық қызметтер толық дайындықта және жағдайды тәулік бойы бақылауда ұстап отыр.


