Қалалық поликлиника ұжымымен Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа жобасын түсіндіруге және алдағы наурыз айында өтетін референдумның маңызын талқылауға арналған ақпараттық кездесу өтті, деп хабарлайды Өңірлік Коммуникациялар қызметінен.
Жиын барысында спикерлер Конституция жобасында ұсынылған өзгерістер мен толықтыруларға жан-жақты тоқталып, олардың құқықтық жүйені жаңғыртудағы, мемлекеттік басқару тетіктерін жетілдірудегі және ел дамуының жаңа кезеңін айқындаудағы рөлін атап өтті. Атап айтқанда, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін күшейту, қоғамдық бақылау институттарын дамыту және мемлекеттік органдардың жауапкершілігін арттыру мәселелері кеңінен сөз болды.
Кездесуде референдумға қатысу әрбір азаматтың ел болашағына тікелей ықпал ету мүмкіндігі екені ерекше айтылды. Спикерлер азаматтық жауапкершілік, әр дауыстың маңызы және стратегиялық шешімдер қабылдау кезеңіндегі қоғам бірлігі тақырыптарына назар аударды.
Сондай-ақ Ұлттық коалиция мен өңірлік коалиция өкілдері бірлесіп, «Жаңа Конституция» жобасы бойынша қойылған сұрақтарға жауап беріп, қатысушылардың пікірлерін тыңдады. Ашық форматта өткен кездесу конструктивті диалог алаңына айналып, қатысушылар тарапынан белсенді талқылаумен жалғасты.
Мұндай кездесулер тұрғындар арасында құқықтық сауаттылықты арттыруға және референдумға қатысты жан-жақты ақпарат беруге бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі болып табылады.


