5–14 тамыз аралығында Ақмола облысының мәдениет және білім беру мекемелерінде қазақтың ұлы ағартушысы, ақын және ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған ауқымды онкүндік өтіп жатыр. Әр күн ақынның рухани мұрасын, поэзиясын, философиясын, музыкасы мен мәдени үлесін насихаттауға бағытталған түрлі тақырыптық іс-шараларға толы.
Абай күндері шарасы аясында викториналар, эссе байқаулары, әдеби марафондар, поэзия оқу сайыстары, театрландырылған қойылымдар, зияткерлік ойындар, көрмелер, дөңгелек үстелдер мен флешмобтар ұйымдастырылып, оларда мектеп оқушылары, студенттер, мұғалімдер, шығармашыл жастар және жалпы жұртшылық белсенділік танытуда.
Ең әсерлі шаралардың қатарында – «Абай әлеміне саяхат» атты дөңгелек үстел, «Менің сүйікті өлеңім» поэзия байқауы, «Өлең – сөздің патшасы» челленджі, «Абай – ұлы даланың ұлы тұлғасы» атты әдеби онлайн марафон, «Абай – әлем таныған ұлы ойшыл» зияткерлік сабақтары және ойшылдың өмірі мен шығармашылығына арналған кітап көрмелері бар.
Абай шығармашылығын шетелдік аудиторияға таныту да назардан тыс қалмаған: Reading Abai акциясы аясында қатысушылар ақынның туындыларын ағылшын тілінде мәнерлеп оқуда. Ал музыкалық мұраға арналған күндері Абайдың классикалық әндері шырқалып, «Абай әндері – халық мұрасы» атты орындаушылар байқауы өтуде.
Онкүндік 14 тамызда «Абай мұрасы – халық қазынасы» атты әдеби кешпен, викториналармен және салтанатты жабылу рәсімімен аяқталады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл іс-шаралардың басты мақсаты – ұлы ойшылдың рухына тағзым етіп қана қоймай, жастарды Абайдың адамгершілік, еңбек, білім мен отанға сүйіспеншілікке шақырған идеяларын терең ұғынуға шабыттандыру.
Ақынның өлең жолдары ұрпақтарды біріктіріп, қазіргі қоғамда адастырмас рухани темірқазық болып қала бермек.


