Ақмола облысында жаппай егін орағы тамыз айының жиырмасыншы күндерінен бастау алды. Көктемгі-далалық жұмыстардың қорытындысы мен агроөнеркәсіптік кешеннің даму барысы жөнінде Көкшетауда өткен брифингте облыс әкімінің орынбасары Мұрат Балпан баяндады, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінен.
Оның айтуынша, биылғы себу науқаны мен арамшөптерге, зиянкестерге және түрлі өсімдік ауруларына қарсы шаралар толық әрі сапалы түрде уақытында атқарылған.
«Минералды тыңайтқыштарды субсидиялауға Үкімет резервінен қосымша 12 млрд теңге бөлінді. Соның арқасында шаруалардың шығындарының 60 пайызы өтелді. Нәтижесінде 336 мың тонна тыңайтқыш енгізілді, ал 2023 жылы бұл көрсеткіш 111 мың тоннаны ғана құраған еді», – деді Балпан.
Аймақтың биылғы егіс алқабы 5,5 млн гектарға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 300 мың гектарға артты. Диқандар егістік құрылымын әртараптандыруды жалғастырып, бидай және басқа да дәнді дақылдар көлемін азайтып, майлы дақылдарға көбірек басымдық беруде. Соңғы екі жылда олардың аумағы 2,5 есеге ұлғайып, 495,4 мың гектарға жеткен. Сондай-ақ мал азықтық дақылдар 18,3 мың гектарға көбейсе, картоп пен көкөністер 10 мың гектардан астам жерге егілген.
Өңір басшысының орынбасарының айтуынша, бұл жетістік мемлекет тарапынан қолдау мен көктемгі науқанға алдын ала қаржыландырудың нәтижесі. «Кең Дала» және «Кең Дала-2» бағдарламалары бойынша 920-дан астам фермер 118 млрд теңгеден астам жеңілдетілген несие алған.
Сонымен бірге ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдетілген лизинг арқылы алу есебінен машиналар паркі жылына 8–10 пайызға жаңарып отыр.
«Өткен жылы диқандар осы бағдарлама аясында 334 техникаға 18,8 млрд теңге жұмсаса, биылдың басынан бері 984 техника 33 млрд теңгеге алынды. Жалпы, жыл басынан бері 1,4 мыңға жуық техника 43 млрд теңгеден астам қаржыға сатып алынды», – деді Балпан.
Агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға 2025 жылы 237 млрд теңге бөлінсе, оның 63 млрд теңгесі қайтарымсыз субсидия ретінде берілген.
Облыста астық сақтайтын орын жеткілікті. Қазіргі таңда 66 лицензияланған астық қабылдау кәсіпорны 4,3 млн тонна өнімді сақтай алады. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы құрылымдарының 1,5 мыңнан астам қоймасында 2,9 млн тоннаға жуық астық сыйымдығы бар. Қажет болған жағдайда, диқандар дәнді дақылды уақытша сақтау үшін астыққа арналған жеңіл құрылғыларды пайдаланбақ. Сондай-ақ 264 астық кептіргіш іске қосылған.
Жиналымға 7 мыңнан астам комбайн, 2,7 мың орақ және 4,8 мың жүк көлігі жұмылдырылған. Шаруаларға арзандатылған дизель отыны бөлінген – 160 мың тонна, оның бағасы нарықтағыдан 15 пайызға арзан.
Мұрат Балпанның айтуынша, Зеренді және Сандықтау аудандарында күздік дәнді дақылдарды жинау толық аяқталып, жақсы көрсеткіштерге қол жеткізілген. Жалпы, өңірде дәнді және дәнді-бұршақ дақылдары 949 мың гектардан орылып, бұл барлық егіс алқабының 20 пайызынан астамын құрайды. Қазірдің өзінде 1,2 млн тоннадан астам астық бастырылды, орташа өнімділік гектарына 13,2 центнер. Биылғы болжам бойынша, облыс диқандары 6,6 млн тоннадан астам астық және алғаш рет майлы дақылдардан 650 мың тоннадан жоғары өнім жинауды жоспарлап отыр.
Айта кетейік, Ақмола облысы республика бойынша бидайдың төрттен бірін, құс етінің 30 пайызын және жұмыртқаның 16 пайызын өндіреді. Сондай-ақ өңір азық-түлік өндірісінде көш бастап тұр.