Ақмола облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №6 мекемесінің қызметкері Рахат Байлин өртеніп жатқан пәтерден кішкентай баланы құтқарды. Қауіп-қатерге толы сәтте өз өмірін қатерге тігіп, өзгеге көмектескені үшін ол 2025 жылдың 21 қазанындағы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Жауынгерлік ерлігі үшін» мемлекеттік медалімен марапатталды, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінен.
Оқиға Көкшетау қаласында болған. Бес қабатты үйдің бір пәтерінен қою түтін шығып жатқанын көрген Рахат Байлин еш ойланбастан, қауіптің қақ ортасына кіріп, адамдарға көмек көрсетуге ұмтылған.
Ол түтінге толы бөлмеге кіріп, демі әрең шығып жатқан баланы тауып, қолына алып сыртқа алып шыққан. Кейін баланы оқиға орнына келген құтқарушыларға тапсырған.
Оның батыл әрі уақтылы әрекетінің арқасында үлкен қайғылы жағдайдың алдын алынды.
«Бұл — нағыз ерлік пен қызметтік борышқа адалдықтың айқын көрінісі. Нағыз батырлар біздің арамызда өмір сүреді, олардың басты міндеті – азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігін қорғау»,- деді Ақмола облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бастығының орынбасары Мерген Арғымбаев.
Жоғары мемлекеттік марапатты Рахат Байлинге Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі табыстап, оның ержүректігі мен кәсіби шеберлігі зор құрметке лайық екенін атап өтті.


