Жыл басынан бері құқық қорғау органдары 6 мыңнан астам электронды құрылғыны тәркілеп, Қылмыстық кодекстің 301-1-бабы бойынша 9 қылмыстық іс қозғаған. Бұл туралы брифинг барысында Ақмола облысы бойынша Экономикалық тергеу департаменті бастығының орынбасары Алмас Баймурзин мәлімдеді, деп хабарлайды Өңірлік Коммуникациялар қызметінен.
Жалпы ел бойынша жылдың алғашқы жартысында 53 қылмыстық іс қозғалып, 800 мыңға жуық вейп тәркіленген.
Спикердің айтуынша, таралуының негізгі арналары — әлеуметтік желілер мен интернет-дүкендер.
«Полиция басқармасымен бірлесіп, биыл Көкшетау қаласында 1425 вейп тәркіленді.
9 қылмыстық іс тіркеліп, қазіргі таңда ішкі істер органдарында тергеліп жатыр.
Сонымен қатар, Астана қаласының департаментімен бірлесе отырып, қосымша 5 мыңға жуық өнім алынды», – деді Алмас Баймурзин.
Ақмола облысында вейп өнімдерін насихаттайтын 38 интернет-ресурс бұғатталды.
Дәрігерлердің айтуынша, вейп буының құрамында никотин, пропиленгликоль, хош иістендіргіштер мен ауыр металдар бар.
Олар тыныс алу жолдарын тітіркендіріп, жүрек пен қан тамырларының жұмысын бұзады, өкпенің созылмалы ауруларын туындатады.
Қаржы мониторингі агенттігі вейпке қарсы жан-жақты іс-шаралар жоспарын бекітті.
Онда түсіндіру акциялары, мектептер мен жоғары оқу орындарындағы сабақтар, сондай-ақ дәрігерлердің, мұғалімдердің және блогерлердің қатысуы қарастырылған.
Вейпке қарсы күрес — бұл тек бақылау мен жазалау шарасы емес, сонымен қатар Қазақстанның өсіп келе жатқан ұрпағының денсаулығына деген қамқорлық.


