Соңғы жылдары Ақмолада мәдениетке көп көңіл бөлінуде. Жаңа мәдениет үйлері салынды. Сонымен қатар кітапханалар мен клубтар жөндеуден өтті. Халыққа арналған түрлі шаралар өткізіліп жатыр. Бұл туралы брифинг барысында Ақмола облысы мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова мәлімдеді, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінен.
Басқарма басшысының айтуынша, соңғы үш жылда облыста 12 жаңа мәдениет үйі салынып,62 ғимарат жөнделген. Бұл жұмыстарға 15 миллиард теңге жұмсалған.
«Алдағы уақытта Щучинск қаласында жаңа мәдениет үйі ашылады. Сондай-ақ Аршалы ауданында жастар орталығы пайдалануға беріледі. Қосшы қаласында заманауи Креативті хаб жұмысын бастады. Ол бір уақытта 1000 адамды қабылдай алады»,-деп атап өтті Айгүл Сәбитова.
Жыл басынан бері облыста жүздеген мәдени іс-шара өткізілді. Сондай-ақ, өңірдің өнер ұжымдары шетелде өнер көрсетті. Атап айтқанда «Он алты қыз», «Полянка», «Балдаурен» сияқты ансамбльдер Ресей мен Еуропадағы байқауларға қатысып, жоғары бағаланды.
Сонымен қатар, музейлер мен кітапханаларға жаңа технологияларды енгізіп жатқаны туралы ерекше атап өтті.
«Жәдігерлердің 85%-ы цифрландырылып, 400-ден астам ескерткішке QR-код қойылды. Кітапханадағы жергілікті әдебиеттер электронды форматқа көшірілді»,-деді спикер.
Өңірімізде жаңа рекордттар қойылды. Атап айтсақ, Көкшетауда көздің жауын алатын 1600 әйел кимешек киіп шеру өткізді.Ұлттық домбыра күнінде үш мың адам бір мезетте күй орындады. Және Қосшыда 307 жұп вальс билеп рекорд орнатты.
Ақмола облысы соңғы жылдары мәдениет пен өнерге жаңа серпін берді. Жаңа ғимараттар, халықаралық фестивальдер, тарихи жаңалықтар – барлығы өңірдің рухани дамуына үлкен үлес қосуда. Алдағы уақыттарда облыс атын шығаратын жаңа рекордтар жасау көзделуде.