Ақмола облысында білім саласы қызметкерлерінің тамыз конференциясы өтті. Жиынның негізгі тақырыбы – цифрлық трансформация жағдайында білім беруді дамыту, жаңа сын-қатерлер мен мүмкіндіктерді айқындау болды.
Вице-премьердің айтуынша, қазіргі кезеңде мұғалімдердің алдында тек білім беру ғана емес, балаларды тез өзгеріп жатқан өмірге бейімдеу міндеті тұр. Жасанды интеллект пен жаңа технологиялар ұстаздың сенімді көмекшісіне айналып, шығармашылық пен дамуға жол ашуы тиіс. Сонымен бірге педагогтардың кәсіби өсуіне және еңбегін лайықты бағалауға барлық жағдай жасалуы қажет екені атап өтілді.
Өңір әкімі Марат Ахметжанов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Педагог – бұл тек мамандық емес, бұл – ұлы міндет» деген сөзін еске салып, ұстаз еңбегінің маңызын ерекше атап өтті. Бүгінде өңірде 23 мыңнан астам педагог еңбек етуде, жыл сайын мектептерге 450-ге жуық жас маман қосылады. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында облыста алғаш рет 9 мектептің құрылысы аяқталып, 12 мыңнан астам жаңа оқу орны ашылды. Қазіргі таңда тағы 7 мектеп салынып жатыр, олардың бесеуі биыл пайдалануға берілмек.
Пленарлық отырыс барысында Шанхай педагогикалық университетінің профессоры Сяндун Чэнь жасанды интеллектті мектеп пәндерін оқыту тәжірибесінде қолдану жөніндегі пікірін ортаға салды. Сондай-ақ Көкшетау қаласындағы №11 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айгүл Амангелдинова әдебиетке қызығушылықты арттыру үшін жасанды интеллект пен виртуалды шындық технологияларын қолдану тәжірибесін таныстырды.
Конференция аясында білім беру процесіне енгізіліп жатқан инновациялық технологиялардың көрмесі ұйымдастырылды. Іс-шара өңірдің үздік педагогтарын марапаттау рәсімімен аяқталды.