Ауыл шаруашылығы Ақмола облысының стратегиялық ресурсы болып қала береді. Биылғы жылдың қорытындысы бойынша астық өнімінен рекордтық түсім – 7,6 млн тонна, ал майлы дақылдардан 560 мың тонна өнім алынды, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Облыста 49 «ақылды» ферма жұмыс істейді, 3 миллионнан астам гектар ауыл шаруашылық жерлері цифрлық жүйеге енгізілген. Дегенмен, өңдеуші кәсіпорындар әлі толық көлемде шикізатпен қамтылған жоқ. Ет комбинаттары 77%-ға, ұн зауыттары 18%-ға, сүт өңдеу 92%-ға, майлы дақылдарды өңдеу 56%-ға ғана жүктелген.
«Ауыл шаруашылығы өсіп келеді, біз цифрлық технологияларды белсенді түрде енгізудеміз. Жасанды интеллект өнімділікті болжауға, тыңайтқыштарды оңтайландыруға және спутниктік деректер бойынша өсімдіктердің стрессін анықтауға көмектеседі», – деді Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов.
Өңдеуді дамыту мақсатында шетелдік инвесторлармен келісімдер жасалды. «AQMOLA» индустриалды аймағында астықты терең өңдейтін зауыттар салынуда. Крахмал, биоэтанол, жем және ақуыз концентраттары, лимон қышқылы және глюкоза-фруктоза сироптары өндірілмек.
«Бұл қуаттылықты арттырып, жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді», – деп атап өтті әкім.
Мемлекеттік қолдау өсу үшін маңызды фактор болып қала береді. Биыл облыстың агроөнеркәсіптік кешеніне рекордтық қаржы – шамамен 253 млрд теңге субсидиялар мен жеңілдетілген несиелер түрінде бағытталды. «Кең Дала», «Кең Дала-2» және «Ауыл Аманаты» бағдарламалары арқылы егіс және орақ науқандарына сапалы дайындалды, агротехнологияларды сақтау деңгейін арттырды және жаңа бизнес-идеяларды енгізді.
Табысты жобалар мысалы қолдаудың тиімділігін дәлелдейді: Жеке кәсіпкер «Соколов Р.О» сүт зауыты «Қазақстанның үздік тауарлары» конкурсының және Франциядағы халықаралық ірімшік байқауының жеңімпазы атанды.
Мал шаруашылығы да дамып келеді. Ерейментау ауданында 7,5 мың бас ірі қара малдың асыл тұқымын қамтитын және 5 мың бас малды бордақылайтын ет кластері құрылуда. Стратегиялық мақсат – мал басын 30 мыңға жеткізу.
«Ет кластерін жүзеге асыру 200-ден астам жаңа тұрақты жұмыс орнын құрып, бюджетке тұрақты салық түсімдерін қамтамасыз етеді», – деді Марат Ахметжанов.


