Ақмола облысында жол-құрылыс жұмыстары саласында заманауи цифрлық технологиялар белсенді түрде енгізілуде. 2025 жылы жұмыстардың сапасын бақылау мақсатында Жол активтерінің ұлттық сапа орталығымен жалпы сомасы 225,3 млн теңгеге келісімшарт жасалды, бұл туралы Ақмола облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Владимир Кулаков мәлім етті , деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінен.
Цифрландырудағы маңызды жетістіктердің бірі – KazRoadLab (KRL) бағдарламалық жасақтамасының әзірленіп, қолданысқа енгізілуі.
Бұл жүйе құрылыс материалдарының зертханалық сынақ нәтижелерін тіркеуге, өндіріс нысандарында бақылау-өлшеу іс-шараларын жүргізуге,электронды деректер базасын қалыптастыруға, GPS координаттарымен жабдықталған планшеттер арқылы ақаулар мен алынған сынамаларды нақты белгілеуге мүмкіндік береді. Осылайша, жүйе бақылау процесін жеделдетіп, ашықтығын қамтамасыз етеді.
Жол сапасын тексеру мақсатында Ұлттық сапа орталығының зертханасында құрылыс материалдарын сынаудың автоматтандырылған жүйесі енгізілген.
Бұл жүйе өлшеу құралдарын, сынақ жабдықтарын және «USO Лаборант» қосымшасын біріктіріп, алынған мәліметтерді бірден KazRoadLab платформасына жүктейді. Нәтижесінде сынақ хаттамалары автоматты түрде жасалып, адами факторды азайтып, жемқорлық тәуекелдерін болдырмайды.
Ақмола облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Владимир Кулаков цифрлық шешімдердің тиімділігін атап өтті:
«Бүгінде біз құрылыс материалдары мен орындалған жұмыстардың сапасын онлайн режимде көре аламыз. Бұл мердігерлердің жауапкершілігін арттырып қана қоймай, салынған жолдардың ұзақ мерзімге шыдамды болуына жол ашады. Цифрландыру – тұрғындар үшін сапалы әрі қауіпсіз жолдардың кепілі», – деді ол.
KazRoadLab сияқты инновациялық жүйелердің енгізілуі – аймақтағы жол құрылысы саласын жаңа деңгейге көтерді. Бұл қадам сапаны бақылау процесін жеңілдетіп қана қоймай, ашықтықты, әділдікті және ең бастысы – Ақмола облысындағы жолдардың сапасын арттыруды қамтамасыз етеді.


