Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында өңдеуші өнеркәсіпті дамытудың маңыздылығын атап өтті. Бұл бағыт бүгінде Ақмола облысының экономикасын алға сүйрейтін маңызды факторлардың біріне айналып отыр, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Өңірде өндірісті жаңғырту, жаңа технологияларды енгізу және өнім түрлерін көбейту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Соның арқасында кәсіпорындар бәсекеге қабілеттілігін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуда.
Облыс әкімінің орынбасары Ернар Жаркешовтың айтуынша, басты назар өнеркәсіп саласын дамытуға аударылған.
«Облыс көлемінде өнеркәсіптік жобалардың жиынтығы жасақталды. Қазір шамамен 40 жоба жүзеге асырылуда. Олардың ішінде кірпіш зауыттары, азық-түлік өнімдерін өңдеу, ауыл шаруашылығы мен арнайы техниканы шығару өндірістері бар. Биыл 9 жоба жүзеге асырылып, нәтижесінде 500-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады, – деді ол.
Машина жасау саласы да серпінді дамып келеді. KAZROST ENGINEERING, КАИК және КАМАЗ-Инжиниринг кәсіпорындары ауыл шаруашылығы мен арнайы техниканы өндіру көлемін арттыруда. Бұл өсімге мемлекеттік қолдау шаралары, соның ішінде жеңілдетілген лизингтік бағдарламалар ықпал етіп отыр.
Сонымен қатар металлургия саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Зеренді ауданы, Бурабай ауданы және басқа да аудандарда тау-кен металлургиялық кешендерді кеңейту және жаңа өндірістік нысандар салу жұмыстары жалғасуда.
Өнеркәсіпті дамыту жұмыстары Президент Жолдауында көрсетілген басым бағыттар аясында жалғаса береді. Бұл Ақмола облысының заманауи әрі бәсекеге қабілетті экономика құру жолында нық қадам жасап келе жатқанын көрсетеді.