Қазақстанда еңбек қатынастарын реттеу және қызметкерлердің құқықтарын қорғау бағытында талаптар кезең-кезеңімен күшейтіліп келеді. Бұл ретте жұмыс берушілерге жүктелетін міндеттер де нақты айқындалған. Ақмола облысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы бұл талаптарды сақтау – әрбір жұмыс берушінің тікелей міндеті екенін еске салады, деп хабарлайды Өңірлік Коммуникациялар қызметінен.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жұмыс беруші әрбір қызметкермен жасалған еңбек шарты туралы мәліметтерді арнайы бірыңғай электронды жүйеге енгізуге міндетті. Бұл жүйе еңбек қатынастарының ашықтығын қамтамасыз етіп, қызметкердің құқықтарын қорғауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар еңбек шартына енгізілген өзгерістер, толықтырулар және демалыс туралы ақпарат та уақытылы тіркелуі тиіс.
Ақмола облысы бойынша департамент басшысының орынбасары Уақыт Бейсембаев бұл бағыттағы жұмыстардың маңызын атап өтті.
«Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесі – еңбек қатынастарын ашық әрі әділ жүргізудің маңызды құралы. Сондықтан жұмыс берушілер барлық мәліметті уақытылы әрі дұрыс енгізуге жауапкершілікпен қарауы тиіс», – деді ол.
Алдағы уақытта бұл талаптарды бұзғаны үшін жауапкершілік те күшейтіледі. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілетін өзгерістерге сәйкес, ақпаратты уақытында енгізбеу, толық көрсетпеу немесе қате мәлімет беру айыппұл салуға әкеп соғады. Айыппұл мөлшері кәсіпкерлік субъектісінің санатына қарай белгіленеді және қайталанған жағдайда ұлғаяды.
Еңбек қауіпсіздігі де назардан тыс қалмауы тиіс. Әрбір өндірістік нысан еңбек жағдайлары бойынша мерзімді түрде аттестаттаудан өтуі қажет. Бұл қызметкерлердің қауіпсіздігі мен денсаулығын қорғауға бағытталған маңызды шаралардың бірі екенін де атап өтті басшының орынбасары.
Бұдан бөлек, жұмыс берушілер еңбек қауіпсіздігі бойынша ішкі бақылау жүйесін енгізуге міндетті. Бұл жүйе еңбек жағдайларын тұрақты бақылауды, өндірістік тәуекелдерді бағалауды және анықталған кемшіліктерді жоюды қамтиды. Мұндай тәсіл өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Уақыт Бейсембаевтың айтуынша, еңбек қауіпсіздігі талаптарын сақтау – тек заң талабы ғана емес, бұл әрбір қызметкердің өмірі мен денсаулығына деген жауапкершілік.
«Жұмыс берушілер еңбек заңнамасының барлық талаптарын қатаң сақтауы тиіс. Бұл – қызметкерлердің қауіпсіздігі мен әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етудің басты шарты», – деді ол.
Жалпы, қабылданып жатқан шаралар еңбек қатынастарын заңдастыруға, ашықтықты арттыруға және қызметкерлердің құқықтарын қорғауға бағытталған. Мамандар жұмыс берушілерді заң талаптарын сақтауға және еңбек қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлуге шақырады.


